Президент NVIDIA басшысының ұсыныстары Қазақстан үшін маңызды екенін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дженсен Хуанг Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту мәселесін талқылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі президенті Дженсен Хуангтың идеялары мен ұсынымдарының Қазақстан үшін практикалық маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мемлекет басшысы күні кеше Ақордада өткен кездесуі үшін Дженсен Хуангқа алғыс білдірді.
«Ақордада өткен нәтижелі кездесу және Қазақстан экономикасында, әсіресе ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні дамыту мен іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылағаны үшін Дженсен Хуангқа алғыс айтамын. Сіздің идеяларыңыз бен ұсынымдарыңыз біз үшін үлкен практикалық маңызға ие», – деп жазды Президент X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Ақордадағы кездесу барысында NVIDIA басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды жасанды интеллектіні дамытуға және оны кеңінен енгізуге бағытталған AI-елге айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатына жоғары баға берді. Бұл бастама жаңа индустриялық революция қарсаңында жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар Дженсен Хуанг Қазақстанды Physical AI, яғни физикалық жасанды интеллект саласындағы әлемдік хабқа айналдыруды ұсынды.
Оқи отырыңыз: Президент Дженсен Хуангты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады