Президент балаларға арналған Жаратылыстану музейлерін ашуды ұсынды

26.08.2026 15:43

Астана, Алматы және Қызылордада Президенттік кітапханалар ашылады

Аlmaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аудару қажет екенін айтты. Президент балалардың ғылымға қызығушылығын ояту адам әлеуетін нығайту үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аударған жөн. Биыл тиісті Жарлыққа қол қойдым. Үкімет осы жұмысқа қоғам белсенділерін, шығармашылық пен ғылыми қауымдастық өкілдерін, журналистер мен кәсіпкерлерді көптеп тартқаны жөн.

Балалардың ғылымға қызығушылығын оятпасақ, адам әлеуетін нығайту мүмкін емес.

Бұл істе оқушыларға арналған ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтары маңызды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Дәл осындай алаңдар оқушыларға білімін іс жүзінде қолданып көруге, тәжірибе жүргізуге, ғалымдардың еңбегімен танысуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана, Алматы және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды екенін айтты. Сондай-ақ алдағы екі жылда Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар жұмысын бастайтынын жеткізді.

«Осы орайда Астанада, Алматыда және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды деп санаймын.

Екі жыл ішінде Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар өз жұмысын бастайды. Мұндай кітапханаларды Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент білім беру мекемелерін көбірек салуға, білім беру жүйесін дамытуға және жетілдіруге ден қою қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өскелең ұрпақты өркениетті әрі жасампаз құндылықтар негізінде тәрбиелеу ортақ парыз екенін айтты.

«Конституциямызда көрсетілгендей, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан білім беру мекемелерін көбірек салуға, білім беру жүйесін дамытуға және жетілдіруге ден қояйық.

Өскелең ұрпақты өркениетті әрі жасампаз құндылықтар негізінде тәрбиелеу – ортақ парызымыз. Мемлекет, ұстаздар және ата-аналар күш біріктіргенде ғана балаларымыздың үйлесімді дамуына барлық жағдайды жасай аламыз, басқаша айтқанда, жарқын болашағына жол ашамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналмақ

Толық көрсету