Президент өскелең ұрпақты қандай қасиеттерге тәрбиелеу керек екенін айтты

26.08.2026 17:17

Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз отаншылдықтың мәні табанды әрі жемісті еңбекте екенін айтт

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде өскелең ұрпақты жігерлі, отаншыл, білімпаз, жаңашыл және еңбекқор азамат етіп тәрбиелеудің маңызын айтты. Президент ұстаздарға жүктелетін жауапкершілікке ерекше тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ұлы Абай «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деп бекер айтпаған. Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр.

Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние.

Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұстаздар ең алдымен ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа және жарқын болашаққа сенімі зор азаматтарды тәрбиелеуге тиіс екенін атап өтті.

«Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс.

Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін.

Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз отаншылдықтың мәні табанды әрі жемісті еңбекте екенін айтты.

«Нағыз отаншылдық дегеніміз, бұл – жемісті, табанды еңбек. Әр саладағы еңбек – маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян әкелетіні болмайды.

Еңбек, бұл – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние. Ал, мемлекеттің міндеті – осындай еңбекқор адамдарға лайықты құрмет көрсету, оларды марапаттау. Алысқа көз тігетін жасампаз ұлттың шынайы болмысы осындай болады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты және адал азаматтарды тәрбиелеу ортақ міндет екенін атап өтті.

«Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек.

Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз.

Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жастарымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады.

Бұған еш күмәнім жоқ. Ұстаз – ұлттың шамшырағы! Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық.

Жаңа оқу жылы жемісті болсын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Президент дарынды балаларды қосымша ынталандыру шарасын қабылдауды тапсырды

Толық көрсету