Президент мектептерге жасанды интеллект енгізу туралы жарлыққа қол қойды

Акорда
Акорда

1 шілдеге дейін Үкімет оқу процесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжаттың негізгі мақсаты – жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде Қазақстанның өркендеуін қамтамасыз ету және адами капиталды дамытуға ықпал ететін заманауи әрі инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026–2029 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс. Құжатта дербес оқыту тетіктерін дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, педагог кадрларды даярлау және оқушылардың жеке мәліметтерін қорғау мәселелері қамтылады.

Сонымен қатар, Жарлықта Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын пайдалану қарастырылған. Үкіметке 2026 жылдың 1 маусымына дейін қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы айырмашылығын азайту мақсатында пилоттық жобаны іске қосып, оны кеңейту бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

2026 жылдың 1 тамызына дейін пилоттық жоба аясында мектептер техникалық тұрғыдан жабдықталып, тұрақты әрі жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі.

Ал 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі.

Сондай-ақ осы мерзімге дейін педагогтердің кәсіби дамуын қолдай отырып, олардың қызметін алмастырмай, жасанды интеллект технологияларын білім беру процесінде қосымша тиімді құрал ретінде пайдалану жөніндегі шаралар жоспары қабылданады.

Новости партнеров