Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Баршаңызды еліміздің Жаңа Конституциясының күшіне енуі сияқты шын мәнінде тарихи маңызы зор оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін егемен Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір басталады. Біз тұрақты даму, саяси және экономикалық реформалар, ауқымды жаңғыру жолына қадам басып отырмыз», – деді Президент.
Оның айтуынша, жаңа Конституция саяси жүйенің түбегейлі жаңаруын, мемлекет пен азаматтық қоғамның негізгі институттарының трансформациясын білдіреді.
«15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда Қазақстан халқы мемлекетіміздің алдағы бірнеше ондаған жылдағы даму бағытын айқындаған тарихи таңдау жасады. Бұл шешім халқымыздың шынайы отаншылдығы мен жоғары азаматтық жауапкершілігінің жарқын көрінісі ретінде еліміздің тарихында мәңгі сақталады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Конституция күні енді «Наурызнама» онкүндігінің басталуымен тұспа-тұс келуінің ерекше мәні бар екенін атап өтті.
«Бұл айтулы күн көктемгі жаңарудың ғасырлар бойғы дәстүрлерін Жаңа Негізгі заңның басты қағидаттарымен – азаматтық ынтымақпен, білімге ұмтылумен және Отан игілігі жолындағы адал еңбекпен үйлестіреді», – деді ол.
Мемлекет басшысы Жаңа Конституция елдің одан әрі дамуының берік құқықтық негізіне айналатынына сенім білдірді.
«Жалпыхалықтық Конституцияның мызғымас құқықтық іргетасына сүйене отырып, біз алға қойған барлық мақсатқа міндетті түрде қол жеткіземіз және қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Өркендеу, Тазалық пен Табиғатқа жанашырлық құндылықтарын орнықтырамыз деп сенемін», – деді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы азаматтарды ел бірлігін нығайтуға және Қазақстанның жарқын болашағы жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.
«Жалпыұлттық бірліктің мызғымас тұғырына топтаса отырып, біз әлемдік өркениеттің биік белестерін бағындырып, әрбір азаматқа тең мүмкіндік пен жан-жақты даму қамтамасыз етілетін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Еліміздің өркендеуіне бастайтын жоспарларымыздың толық жүзеге асатынына сенімдімін. Жасасын Қазақстан Республикасы! Жасасын халқымыз!», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.