Президент тапсырмасы: автожол саласын реформалау жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылды
Жұмыс тобына стандарттар мен құрылыс нормаларын жаңарту міндеті жүктелді
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өкімімен Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс тобына жол құрылысының қолданыстағы жүйесі мен оның сапасын бағалау тәсілдерін қайта қарау, стандарттар мен құрылыс нормаларын жаңарту міндеті жүктелді.
Саланы басқарудың жаңа тетігі, оның ішінде цифрлық шешімдерді де ескере отырып, жол инфрақұрылымын жақсартуға, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары басқаратын жұмыс тобына көлік, өнеркәсіп және құрылыс, қаржы, ішкі істер, экология және табиғи ресурстар, энергетика министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокурорының орынбасары, сондай-ақ сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары кірді.
Премьер-министр осы жылдың 1 желтоқсанына дейін автожол саласын түбегейлі реформалау бойынша, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Егемендік декларациясы – тәуелсіздіктің алтын қазығы