Президент тапсырмасы: биыл ақпарат саласының 66 қызметкері пәтерлі болады

Бұл туралы Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімде мәлімдеді.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Биыл алғаш рет облыстарда еңбек етіп жүрген журналистерге де пәтер кілті табысталады». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімде мәлімдеді. Жиында Президент журналистер қауымын төл мерекесімен құттықтап, ақпарат саласы қызметкерлерінің қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан журналистикасы мен телевизиясының өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар медиа саласының өкілдерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Президент өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы айрықша миссиясына тоқталып, ел өміріндегі маңызды өзгерістерді халыққа жеткізудегі журналистердің еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ жаңа Конституцияны қабылдау үдерісінде медиа өкілдерінің қосқан үлесін ерекше атап өтіп, мемлекет тарапынан ақпарат саласын дамытуға қажетті жағдайдың жасалып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, әділетті, таза, қауіпсіз Қазақстанды қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген БАҚ қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.

«Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қазақстан журналистикасы мен телевизиясының дамуына сүбелі үлес қосқан медиа саласының үздік өкілдерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ақпарат кеңістігінің өркендеуіне еңбек сіңірген журналистерге «Парасат», «Құрмет» ордендері табысталып, бірқатар маманға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алдым. Тек мен емес, 60-қа жуық әріптесім үлкен марапатқа ие болды. Бұл  – өте жақсы нәрсе. Өсемін, дамимын деген мемлекет ең алдымен журналистерді, қалам иелерін сыйлауы керек», – деді жазушы, әдеби сыншы Әмірхан Мендеке.

«Биыл Алматының басты символдарының біріне айналған «Вечерний Алматы» газетінің шыға бастағанына 90 жыл. Осынау айтулы мерейтойда сіздің қолыңыздан алғыс алу – ұжым үшін күтпеген сый болды деп атап айтуға болады», – деді  Almaty Aqparat медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы

«Бұл марапат тек жеке жетістік емес, креативті индустрия өкілдеріне және сол креативті контентті таратып жүрген журналистерге көрсетілген құрмет деп қабылдаймын. Креативті индустрия – экономиканы ғана емес, елдің имиджін, мәдениетін және зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды сала», – деді Креативті индустрияны дамыту жобаларының авторы Жазира Байдалы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл алғаш рет өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген журналистерге пәтер кілті табысталатынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, медиа саласы қызметкерлерін жан-жақты қолдау мен олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру – мемлекет назарындағы маңызды бағыттардың бірі.

«Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет  еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі», – деді Президент.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы журналистердің жалған ақпаратпен күрестегі жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, сенімді әрі сапалы ақпарат тарату – бүгінгі медианың басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ ол отандық газет-журналдар мен телеарналардың уақыт талабына сай жаңарып, заманауи үрдістерге бейімделе отырып қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Мәди Мәлік. Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Almaty TV журналистері қалалық байқауда бірнеше номинацияны бағындырды