Президент Таза Қазақстанның түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өтті

10.04.2026 13:51

Мемлекет басшысы жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеудің маңызына тоқталды

Almaty.tv

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өтті,  деп хабарлайды Almaty.tv.

"Қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін орнықтырудың мән-маңызы зор. Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні — қоғамдық сананы жаңғырту. Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз — Қазақстанның тағдырына бей-жай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру", — деді Президент.

Мемлекет басшысы жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналғанымызды атап өтті.

"Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл — өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр. Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл — ең алдымен, сапалы адам капиталы", — деді ол.

Мемлекет басшысы жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеудің маңызына тоқталды.

"Осы күрделі үдерісте ғалымдар ерекше рөл атқарады. Өйткені олар өркениет құндылықтарын дәріптеп, санаткерлік және моральдық қасиеттерімен көпке үлгі көрсетеді. Нағыз ғалымдар ескілік пен қараңғылыққа қарсы күрестің алғы шебінен табылып, ағартушылық пен білім жолында әрдайым топ бастаған. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби дөп басып айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан гуманизм, әділдік, жауапкершілік құндылықтары салтанат құрып, өскелең ұрпақты адамгершілікке және заңды құрметтеуге тәрбиелегенде ғана шынайы өркендеуге бет аламыз. Біздің қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс, төл болмысымызға жат дүниетанымға көзсіз сенбеуі қажет. Оның салдары ауыр болады. Ынтымақ-бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың іргесін шайқап, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты қоздырғысы келетіндердің әрекетіне заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылады. Конституцияда жазылғандай, елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы керек. Ғалымдарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет деп санаймын. Құқықтық нигилизмге жол жоқ. Біздің таңдауымыз – заңға бағынатын парасатты қоғам", - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту — аса маңызды міндет ️