Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде айтты
Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту — аса маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Осы бағыттағы жобалардың саны көбейді. Бұл — өте жақсы үрдіс. Әсіресе, университеттердің технологиялық даму орталығы ретінде қалыптасып жатқанын атап өту қажет. Мысалы, былтыр University Medical Center мекемесіне қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Мұны өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады. Осы құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар қазақ ғылымының әлеуеті, жалпы еліміздің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен ғылым саласында шешілмеген түйткілдер де аз емес. Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым. Әсіресе, ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс", — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленгенін айтты.
"Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 15 наурыз күні тарихи мәні зор референдум өтті. Азаматтардың басым бөлігінің қолдауымен мемлекетіміздің іргесін нығайтатын, елді барлық салада, соның ішінде ғылымда орнықты даму траекториясына шығаратын жаңа Конституция қабылданды. Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Яғни аталған салаларды жан-жақты қолдауға стратегиялық маңыз берілді. Ең бастысы, бұл бағыттарды дамыту мемлекеттің конституциялық міндетіне айналды. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Конституцияны әзірлеуге және қабылдауға айтарлықтай үлес қосқан барша ғылыми-академиялық қауымдастыққа ризашылығымды білдіремін. Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін" — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды.
"Білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады. Университеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз. Бұдан бөлек, ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді Мемлекет басшысы.
Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да — Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі.
"Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын", — деді ол.
Оқи отырыңыз: Президент: Озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым