Президент Түркістан облысы әкімі мен тұрғындарға ризашылығын білдірді

17.05.2026 00:58

Шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген

Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамыр күні Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитінің қорытындысы бойынша жиналыс өткізіп, маңызды халықаралық іс-шараға жан-жақты дайындалған облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен өңір тұрғындарына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы атқарылған жұмыстың арқасында түркі жұртының қасиетті қарашаңырағы саналатын Түркістан қаласы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың әлеуетті орталығы ретінде ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге әзір екенін көрсетті.

Президенттің айтуынша, шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген.

Мемлекет басшысы облыс және қала әкіміне еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің жауһары – көне Түркістан шаһарын дамыту мен абаттандыру жұмыстарына айрықша мән беруді тапсырды.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның абырой-беделі үшін адал еңбек еткен әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, коммуналдық қызмет жұмысшыларын, еріктілерді, сондай-ақ басқа да белсенділерді мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың Президентке сенім деңгейі жоғары күйінде сақталып отыр