Әлеуметтік сауалнамаға еліміз бойынша 8 мың адам қатысқан
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың Президентке деген сенім деңгейі 86,7 пайыз болғаны анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Зерттеу 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында өткізілген. Сауалнамаға еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам қатысқан.
Сауалнама қорытындысы бойынша Президентке деген ең жоғары сенім жастар арасында тіркелген. 18-35 жас аралығындағы респонденттердің 91,4 пайызы Мемлекет басшысының саясатын қолдайтынын білдірген. Зерттеушілер мұны жастардың мемлекеттік бағдарламаларға, білім гранттарына және цифрлық қызметтерге белсенді қатысуымен байланыстырады.
Сонымен қатар қала және ауыл тұрғындарының арасында да сенім деңгейі жоғары екені байқалған. Қала тұрғындарының 86,9 пайызы, ал ауыл халқының 86,7 пайызы Президентке сенім білдірген.
Сарапшылардың айтуынша, ауыл тұрғындары көбіне әлеуметтік төлемдер мен инфрақұрылымдық жобалардың әсерін сезінсе, қала тұрғындары жүйелі реформалар мен өзгерістердің нәтижесіне назар аударады.
Зерттеу барысында әйелдердің Президентке деген сенімі ерлерге қарағанда жоғары екені белгілі болды. Әйелдер арасындағы сенім деңгейі ерлерден 3,8 пайызға артық.
"Білім деңгейі тұрғысынан жүргізілген талдау Президентке деген сенім көрсеткішінде елеулі айырмашылықтарды анықтаған жоқ. Респонденттердің білім деңгейіне қарамастан, бұл көрсеткіш тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталуда", - делінген зерттеуде.
Зерттеу авторлары бұл нәтижелер қоғамда елді дамытуға бағытталған реформаларға кең ауқымды қолдау бар екенін көрсететінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Үкімет пен Дүниежүзілік банк инвестицияны ұлғайту мәселесін талқылады