Президент ҰОС ардагері Әбдіғали Қаймолдиннің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады

14.07.2025 16:58

Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдин 104 жасында дүниеден өтті

Фото: Абай облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Әбдіғали Қаймолдин жастай майдан даласына аттанып, ерен ерлігімен жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан батыр тұлға болды. Бейбіт кезеңде мемлекеттік және қоғамдық істерге белсене араласып, ел игілігі жолында ұзақ жыл қызмет етті. Ғасыр жасап, соңына өнегелі жол қалдырған Әбдіғали Қаймолдиннің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жаннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

Әбдіғали Қаймолдин – 17 жасында майданға аттанып, төрт жыл бойы от пен оқтың ортасында ерлікпен шайқасқан жауынгер. Сталинградтан бастап, Харьков, Украина, Беларусь және Балтық майдандарындағы ұрыстарға қатысып, бірнеше рет жараланса да, Отан үшін жан аямай күресті. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ел игілігі үшін еңбек етіп, облыстық және аудандық деңгейдегі басшылық лауазымдарда қызмет етті.

2023 жылы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Отан» ордені мен Алтын жұлдыз табысталды.