Президент: «Жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді»

18.06.2026 12:41

Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы пікір білдірді

Президенттің сөзінше, мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аударылды. Соған сәйкес Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттары айқындалды, - деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударылатынын айтты. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар.

"Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды.Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды", - деп Президент саладағы жетістіктерді тізіп айтты.

Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы пікір білдірді.

«Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым.Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді», - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады