Президент Жолдауы: Инклюзивті білім беру мен әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды
Президент Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруді мақсат еткен делегация Медеу ауданында да түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдымен Мемлекет басшысының әлеуметтік саясатқа қатысты тапсырмалары талқыланды.
Атап айтқанда, мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж жандарға бағытталуы және қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ саладағы өзекті сауалдар, заңнамалық бастамалар мен мемлекеттік деңгейде шешуді қажет ететін түйткілдер көтерілді.
«Жолдауды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгін Алматының үш топ болып келдік. Негізгі мақсат – Президенттің айтқан ойын халыққа жеткізіп, түсіндіріп беру, айту. Сонымен қатар Президент айтқан дүниелер бойынша кеңестерді, ақыл-пікірлерді жинау деген сияқты жұмыстармен айналысып жатырмыз. Бүгін әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесуіміз аяқталды», – деді ҚР Құрылтай депутаты Айдос Сарым.
Бұдан кейін депутаттар білім беру саласының өкілдерімен кездесті. Басқосуда білікті маман даярлау және ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар Президент Жолдауында да кеңінен айтылған. Мемлекет басшысы инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуды, бейінді мамандар тапшылығын жоюды және балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтауға басымдық беруді тапсырған болатын.
«Педагогтер инклюзивті білім беруді ұйымдастыру мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеуге қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Әрине, бұл ретте мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені бұл – жас ұрпақтың санасын қалыптастыру, Президент ұсынған «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары аясында тәрбие беру жұмысы. Жолдауда бұл мәселеге де ерекше ден қойылды», – деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Айгүл Сәдуақасова.
Оқи отырыңыз: Президент Жолдауы – халық игілігі үшін: делегация мүшелері алматылықтармен кездесті