Абай даңғылының Райымбек ауылына дейінгі жаңа бөлігі ашылды

Абай даңғылын батысқа қарай ұзарту – Алматының жол инфрақұрылымын дамытудағы ауқымды жобалардың бірі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Абай даңғылының Райымбек ауылына дейінгі жаңа бөлігі ашылды. Енді жүргізушілер елімекендегі Сүйінбай көшесіне дейін жаңадан салынған жолмен қатынай алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көліктер емін-еркін жүйткіп жатқан екі бағыттағы алты жолақты күрежол – Абай даңғылының жаңадан ұзартылып, ашылған бөлігі. Енді магистраль Райымбек ауылының Сүйінбай көшесіне дейін жалғасып жатыр. Бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен жүзеге асырылған жобаның нәтижесінде Алматының батыс бағытындағы жол желісі кеңейе түсті. Алдағы уақытта даңғылды Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосу көзделген. Бұл қала мен облыс арасындағы көлік қатынасын одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік бермек.

Абай даңғылын батысқа қарай ұзарту 2017 жылы басталған. Араға төрт жыл салып, Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейінгі 3,5 шақырым жол ашылды. Кейін құрылыс жалғасып, магистраль қала шекарасына жетті. Ал қазір күрежол облыс аумағына қарай ұзарып, жүргізушілер үшін тағы бір бағыт қолжетімді болды. Әсіресе Алматыға күн сайын қатынайтын тұрғындардың шаһарға кіріп-шығуы жеңілдей түсті.

«Абай даңғылы ұзартылып, тамаша болды!.Үйге жылдам жетеміз. Абай даңғылы созылып, 2027 жылға дейін ҮАААЖ-ға дейін созылып, ашылса, нұр үстіне нұр болар еді», – деді қала тұрғыны Нұрғали Құттыхожаев.

«Студент болам, 2-курста оқимын. Абай даңғылы ашылғаннан кейін сабаққа кешікпей барамыз, қуаныштымыз», – деді қала тұрғыны Еркебұлан Әшенов.

Абай даңғылын батысқа қарай ұзарту – Алматының жол инфрақұрылымын дамытудағы ауқымды жобалардың бірі. Жоспар бойынша шаһар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен алты негізгі бағыт арқылы байланыспақ. Осы мақсатта Абайдың 2,3 шақырымдық бөлігі жаңартылып, көлік қозғалысына ашылды.

«Жобаны жүзеге асыру үшін 82 жер телімі сатып алынды. Қазір құрылыс жұмыстары еш кедергісіз жүріп жатыр. Жалпы Абай даңғылын тағы 3,3 шақырымға ұзарту көзделген. Соның 2,3 шақырымына екі қабат асфальт төселді. Қалған бір шақырым жолдың құрылысы аяқталған соң, даңғыл Үлкен Алматы айналма жолына қосылады»,– деді мердігер компания өкілі Роман Кадаков.

2027 жылы Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен байланыстыру жұмыстары аяқталады. Бұл қала мен облыс арасындағы көлік қатынасын жеңілдетіп, негізгі магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Мәди Мәлік, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматының Кімасар шатқалында Шренк шыршасы отырғызылды