Президент Жолдауы – халық игілігі үшін: делегация мүшелері алматылықтармен кездесті
Жиында көтерілген мәселелер мен халық пікірі тиісті мемлекеттік органдарға жеткізілмек
Президент Жолдауында айтылған негізгі ережерелерді халыққа түсіндіру. Осы мақсатта құрамында халық қалаулылары мен түрлі ведомства өкілдері бар делегация Алматыға арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданының тұрғындарымен кездескен делегация өкілдері Мемлекет басшының Жолдауда көтерген бастамаларына тоқталды. Мәселен, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі құрылыстың барлық кезеңдерінде мемлекеттік бақылауды күшейту, жоспарлау жүйесін жетілдіру, коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту сынды мәселелерді талқылады. Оның айтуынша, бүгінде елде сумен жабдықтаудың тозу деңгейі 38 пайызға, су бұру жүйелерінің ескіруі 54 процентке жеткен. Мәселені шешу үшін 2030 жылға қарай энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңарту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылуда. Оның аясында шамамен 5 мың шақырым су желілерін жаңғырту, 2,8 мың шақырым су бұру жүйелерін жаңарту жоспарланыпты.
«Басты мақсатымыз – құрылыс жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілерді азайту, салынып жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру. Екінші коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту. Халықты сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету негізгі бағыттардың бірі болып қала береді», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.
Кездесуде үй құрылысын дамыту және баспананың қолжетімділігін арттыру мәселесі де сөз болды. Елде соңғы үш жылда 57 миллион шаршы метрден астам тұрғын-жай пайдалануға берілген. Ал Алматыда жыл соңына дейін 2,6 миллион шаршы метр баспана салынады. Сонымен қатар ауыз су тапшылығының алдын алу, көлік жуу орындарында техникалық суды пайдалану және әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелері де назардан тыс қалмады.
«Басты мақсат – Президент Жолдауында айтылған басымдықтарды халыққа жеткізу. Егер Алматыда құрылыс жұмыстары басталса, азаматтар өздеріне қай ауданға қандай нысан қажет екенін нақты айта алады», – деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұржан Жақыпов.
Ал Әуезов ауданында өткен кездесуде делегация мүшелері Жолдаудың экономикалық бағыттарына басымдық берді. Айтуынша, ең төменгі жалақы деңгейінің көтерілуі 1 миллион 800 мың адамның табысын арттыруға ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ инфляцияны тежеу, бағаның өсуін тұрақтандыру және халықтың нақты табысын арттыру мәселелері қаралды.
«Өткен аптада қала басшысы ДСМ-мен бірлесіп, ірі құрылыс нысанын бастап кетті. Бұл – Жолдау аясында іске асырылып жатқан маңызды жоба. Сонымен қатар қаламызда ЛРТ, БРТ, скайт-рейнді жүргізу және Алматы тау кластерін іске асыру мәселелері халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», – деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев.
Кездесу барысында Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдары түсіндіріліп, делегация мүшелері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Жиында көтерілген мәселелер мен халық пікірі тиісті мемлекеттік органдарға жеткізілмек.
Олжас Омарбек, Медет Саматұлы, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Премьер-министр жол құрылысының сапасын арттыру және битум өндірісін жетілдіру мәселелерін талқылады