Президент ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы — ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін", — деді Мемлекет басшысы.
Президент бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.
"Сіздер қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын кеңінен дәріптеуге белсене атсалысып келесіздер. Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін. Мен бүгін Қазақстан Республикасының журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Марапатталған азаматтардың арасында саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагер қызметкерлер де бар. Осы тұста ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым. Сондай-ақ қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді", – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Тоқаев пен Мирзиёев Бұхарадағы уағдаластықтарды іске асыруды талқылады