Президенттік шыршаға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам бала қатысты

Almaty.tv
Almaty.tv

Іс-шара екі негізгі бөлімді қамтыды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада Президенттік шыршаға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам бала қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты шараға еліміздің барлық өңірінен оқу, спорт, шығармашылық және қоғамдық салада жетістікке жеткен, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы балалар келді.

"Президенттік шырша жыл сайын өткізіледі. Биыл республика бойынша бұл мерекеге 4 мыңнан астам бала қатысады, оның 100-і республикалық деңгейде шақырылған балалар", – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік бағдарлама балалардың қызығушылығын арттыруға және есте қаларлық әсер сыйлауға бағытталған. Президенттік шыршаға келген балалардың ішінде Ақтөбе облысының оқушысы Аль-Фараби де бар.

"Ақтөбе облысынан келдім, 6-сыныпта оқимын. Кішкентай кезімнен ән айтамын. Болашақта әнші болғым келеді. Интерактивті залдағы барлық бекеттерге барып шықтым. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын", – деді ол.

Сондай ақ Аль-Фараби сұхбат барысында «Молдабай» әнін шырқап берді.

Іс-шара екі негізгі бөлімнен тұрды. Алдымен балаларға арналған интерактивті аймақ жұмыс істеді. Аталған аймақта бес арнайы бекет ұйымдастырылды. 

Атап айтқанда, қатысушылар VR көзілдірігі арқылы виртуалды кеңістікке саяхат жасады, аквагрим аймағында сурет салдырды, сыйлық таратылатын алаңда мерекелік тартулар алды. Сонымен қатар калейдоскоп стиліндегі фотобекетте естелік суретке түсіп, жасанды интеллект көмегімен фотосуреттерін өңдету мүмкіндігіне ие болды.

"Біз барлық заманауи технологияларды көрсетуге тырыстық. Мұнда шалғай ауылдардан келген балалар да бар, олардың көпшілігі Астанаға алғаш рет келіп отыр", – деді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Мерекелік бағдарламаның екінші бөлігінде сахналық қойылым мен ресми марапаттау, сыйлық тарту бөлімі өтті.

Оқи отырыңыз: Шымкентте орталық алаңда мұз айдыны ашылды

Новости партнеров