Президент тапсырмасы: биыл 3 әуежайдың құрылысы аяқталады

Almaty.tv
Almaty.tv

2026 жылғы 30 қарашада Алматы – Токио бағыты бойынша алғашқы рейс жоспарланған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларының құрылысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жобалар Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның авиациялық инфрақұрылымын дамыту аясында жүзеге асырылуда. Бұл туралы Үкіметте Президент Жолдауында берілген тапсырмалар аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар қолданыстағы әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алматы және Үржар әуежайлары жаңғыртылып, Шымкентте екінші ұшу-қону жолағы салынуда. 2026 жылдың тамыз айында Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы реконструкцияланып, Арқалық әуежайы қайта ашылды. Мемлекет басшымыздың тапсырмасы бойынша Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш әуежай салынуда. Олардың құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ озық халықаралық жабдықтар мен стандарттарды қолдану арқылы аэронавигациялық қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту басталды.

Халықаралық әуе қатынасының географиясы кеңейіп келеді. 2026 жылғы 30 қарашада Алматы – Токио бағыты бойынша алғашқы рейс жоспарланған. 2027 жылы Вена, Нью-Йорк, Милан және басқа да қалаларға жаңа әуе бағыттарын ашу көзделген.

Негізгі авиациялық хабтар айқындалды. Оларда арнайы экономикалық аймақтар режимі енгізіліп, жанармай құю кешендері мен жүк терминалдары жаңғыртылуда. Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында оларды теміржол және автомобиль жолдары инфрақұрылымымен байланыстыру көзделген.

Оқи отырыңыз: Көлік инфрақұрылымы: биыл қандай бағыттар ашылады