Мұндай қолдау түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндігін арттырып, кәсіби дамуына серпін бермек
Алматыда өткен «ProfyMarathon 2025» 400-ден астам колледж түлегін бір алаңда тоғыстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған іс-шара «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жұмысының имидждік беделін арттыруға бағытталған. Жетекші кәсіпорындар 20 үздік түлекке атаулы сертификат табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай қолдау түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндігін арттырып, кәсіби дамуына серпін бермек.
«Бұл – іс-шара түлектердің кәсіби жетістігін көпшілікке таныстырып қана қоймай, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман бола алатынына дәлел. Жұмыс берушілердің осындай қолдауы – білім беру ұйымдары мен өндіріс арасындағы тығыз байланыстың нақты нәтижесі деп білеміз», – деді колледж директоры Камал Әмірғалиұлы.
Іс-шара аясында дуальды оқыту, нысаналы мемлекеттік тапсырыс және WorldSkills стандарттары аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар таныстырылды. Басқосуда білім беру, бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдері түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолын талқылады.
«Қазіргі таңда 40 пайызға жуық, яғни 18 мыңға жуық студент дуальды оқыту жүйесінде білім алуда. Бұл – 40 пайыз теория, 60 пайыз практика. Студенттер осы білім аясында кәсіпорынға сай мамандар даярлауға мүмкіншілік беріліп отыр», – деді Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Ерік Әбішаев.
Оқи отырыңыз: Дендросаябақтағы құрылыс: Шымкентте экобелсенділер дабыл қағып отыр