Психологиялық қызмет туралы заң қабылданды

Халық қалаулылары азаматтардың психологтармен бөліскен жеке ақпараттарының сыртқа тарап кету фактілері барын да мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Мәжіліс мінберінде көтерілген өзекті мәселелердің бірі психологтардың қызметіне қатысты болды. Енді бұл салада жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атап айтқанда, алдағы уақытта арнайы кәсіби білімі жоқ, тек қысқа мерзімді курстарды аяқтап, өзін психолог ретінде таныстыратын азаматтарға адам психикасымен жұмыс істеуге рұқсат берілмейді. Жаңа заң жобасына сәйкес, тек тиісті жоғары немесе арнайы білімі бар мамандар ғана мемлекет бекітетін арнайы тізілімге енгізіліп, ресми түрде қызметін жалғастыра алады. Сонымен қатар бұл тізімге кірген психологтар үшін кемінде әр бес жыл сайын біліктілігін арттыру міндеті қарастырылып отыр.

«Заң жобасының маңыздылығы өте терең, өте кең. Себебі қоғамда өте көп айтылып жатыр. Әлеуметтік желіде де көп. Психологтардың сапасын көтеруіміз керек. Психологтарға барған кезде әр азамат құжатына қарау керек. Ол кісінің біліміне, дәрежесіне мән беруі керек», - деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов психологтардың жауапкершілігіне қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, егер аспаз халыққа зиян келтірсе, мейрамхана жабылып, тиісті іс қозғалып, жауапкершілікке тартылады. Ал психолог адамның өміріне кері әсер етіп, тағдырын бұзса, оған кім жауап береді? Депутат қазіргі заңнамада мұндай жауапкершілік қарастырылмағанын атап өтті.

«Тиісті білімі жоқ, тиісті курстан өтпеген арнайы талаптарға сәйкес келмейтін азаматтар «психологпын» деп «психологиялық көмек көрсетемін» деп айта алмайды. Егер айтатын болса,  оларға нақты жауапкершілік болады. Тиісті министрлікпен жұмыс істеп, қазір коучтарға арнайы кәсіби стандарт дайындалды. Бірақ жұмыс тобының шеңберінде екінші оқылымға дейін коуч мәселесін қамтитын нақты мәселелер бар.  Өйткені коуч психологтардың жұмысын жүргізе алмайды», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек психологиялық көмек алған азаматтарға сотқа шағымдану құқығын енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама мамандардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Депутат сондай-ақ әлеуметтік желілерде өздерін психолог және эксперт ретінде таныстыратындардың көбейіп кеткеніне назар аударды. Сөзінше, олардың кейбірі керісінше халыққа зиян келтіріп жатыр.

«Instagram-дағы рилстарын қарап, тікелей эфиріне кірсең, ол психологтарға психолог емес, психотерапевт, психиатр керек. Өкінішке қарай, ондай психологтар өздерінің курстарын жүргізіп жатыр. Негізі психологтардың  мақсаты - адамның психологиялық жағдайын жақсарту. Ал кейбір психологтардың іс-әрекетінің нәтижесінде қайта адам құрдымға кетіп қалады. Өзі уайымға кіріп, ажырасуға дейін жеткізеді, осындай үлкен салдары бар»,- деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Сонымен қатар халық қалаулылары азаматтардың психологтармен бөліскен жеке ақпараттарының сыртқа тарап кету фактілері барын да мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұған дейін елімізде кәсіби құпияны сақтау туралы нақты құқықтық норма болмаған. Осыған байланысты жаңа заң жобасы аясында психологтардың кәсіби құпияны сақтау міндетін бекітетін арнайы норма енгізілмек. Енді мұндай ақпараттың жария етілуі заңмен қатаң жазаланады. Яғни, құпияны бұзған мамандар қылмыстық жауапкершілікке тартылып немесе айыппұл төлеуі мүмкін.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген,  Астана

 

Новости партнеров