Qnet: Қызылордада 301 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленіп, жәбірленушілерге қайтарылмақ

08.08.2025 15:32

Қаржы пирамидасын құрған 4 тұлғаға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Қызылордада 5 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Нәтижесінде 4 азаматқа 6 жылдан бас бостандығын айыру жазасы тағайындалған. Ал ең қуаныштысы, алаяқтардың арбауына іліккен азаматтардың шығыны өтелетін болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нақтырақ айтсақ, «Qnet» компаниясына қатысты апелляциялық сот шешімімен 301 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленіп, жәбірленушілерге қайтарылмақ. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері мәлім етті. Биыл департамент өндірісінде 37 қылмыстық іс тіркелсе, оның 32-сі ауыр санаттағы материал ретінде қаралған. Мемлекетке келтірілген залал сомасы 784 миллион теңгеден асып отыр.

 «Бес қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс тіркеліп, олардың қызметі тоқтатылып, қылмыстық іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданды. Аталған қаржы пирамидалары бойынша қылмыстық істер аясында жалпы көлемі 192 млн теңге құрайтын мүлікке, 2 млн криптовалютасына тыйым салынды. Сонымен қатар «Qnet» қаржы пирамидасын құрған 4 тұлғаға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Медеу Таубай.

Аталған департамент бюджет қаражатын жымқыру дерегін де анықтапты.

Жаңақорған ауданындағы № 209 мектептің бухгалтері жалақыдан 36 миллион теңгені қалтаға басқан. Қармақшы ауданындағы № 99 орта мектептің есепшісі де аванстық төлемді жеке және 6 сыбайлас мұғалімнің есепшотына жүйелі түрде негізсіз аударып отырған. Нәтижесінде мемлекетке 50 млн теңгеден астам залал келген. Қазір аталған есепшілердің екеуі де бос бостандығынан айырылды.

Оқи отырыңыз: Жалған куәлік: Маңғыстау облысында автомектептер жұмысын тоқтатты