Халық төлейтін ақы 1 қаңтарда бекітілген орташа көрсеткіштен аспауы тиіс
Елімізде ауыз су тарифін есептеудің жаңа жүйесі күшіне енді. 13 қыркүйектен бастап әр адамға тәуліктік тұтыну нормасы 140 литр болып бекітілді. Егер бұл мөлшерден асып кетсе, төлем қымбатырақ тарифпен есептеледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған жаңашылдық табиғи ресурсты үнемдеуге бағытталып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен жаңа тәртіпке сәйкес, ауыз судың құны әр өңірдің жағдайына қарай есептелетін болды. Бұл құжат «Әділет» порталында жарияланды. Онда су тарифінің өңірдегі орташа баға мен әлеуметтік ахуалға сай есептелетіні жазылған. Халық төлейтін ақы 1 қаңтарда бекітілген орташа көрсеткіштен аспауы тиіс. Ал түпкілікті тарифті белгілеу жергілікті мәслихаттардың құзырында. Мұндай тәсіл әр аймақтың ерекшелігін ескеріп, тұрғындар үшін судың қолжетімді әрі әділ бағамен жеткізілуін көздейді.
«Біздің мақсат – тарифі жоғары ауылдардағы судың құнын төмендету. Мысалы СҚО-да 800-700 теңге бір текше метр судың құны. Тариф 800 тг болса, методиканы пайдалана отырып, халық төлейтінін құынын 100 теңге деп бектісе, қалған 700 теңгесін мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл норма қала, ауыл деп бөлінбейді, барлық жерде бірдей. 140 литрден асқан жағдайда толық тарифпен төлейді. Біздің есебімізбен 1 адамға тәулігіне 140 жеткілікті», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов.
Әр адамға тәулігіне 140 литр су нормасы белгіленді. Алғаш естігенде бұл көп болып көрінуі мүмкін. Бірақ қарапайым өлшеммен есептесек, бар болғаны 5 литрлік 28 бөтелке 280 0,5 шыны стақан шығады.
Мамандардың айтуынша, адамның орташа тәуліктік қажеттілігі 100 бен 150 литрдің арасында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да осы шаманы санитарлық норма ретінде ұсынады. Күнделікті тұрмыста судың қайда жұмсалатынын қарасақ: тұтынып, ас дайындауға – 3 литр, ыдыс жууға – 20 литр, жуынуға– 80 литр, басқа да қажеттіліктер 60 литрді құрайды екен. Осылайша, күнделікті тұтыну көлемі 140 литр шамасында шығады. Сондықтан бұл норма – артық емес, керісінше суды үнемдеуге бағытталған әділ шектеу.
Жаңа әдістеме бойынша әрбір азамат тәулігіне 140 литр суға дейін тұтынуға құқылы. Ал бұдан асқан жағдайда төлемге 1,3 коэффициенті қосылады.
Айта кетейік, норма тек жеке тұтынушыларға арналған, кәсіп иелері мен ұйымдар шектеуге кірмейді. Мамандар да суды ұтымды пайдаланудың маңызына тоқталып, артық шығынды болдырмаудың жолдарын ұсынып отыр.
«Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керек. Ол тек коммуналдық жүйеде емес, жалпы кез келген салада үнемделуі керек. Ауыл шаруашылығында қолданылатын суармалы сулар каналдар арқылы беріледі егістік алқаптарына. Көп жерлерде каналдың асты бетондалмаған, демек судың 30-40 процентке дейін шығындалады. Сумен қамтамасыз етудегі қолданылатын суды үнемдеудің ең негізгі шарасы – айналымды су жүйесін қалыптастыру», – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Дулат Қалитов
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елімізде келешекте су тапшылығы болуы мүмкін деген еді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тарифтік жүйе – табиғи ресурсты тиімді пайдаланып, ысыраптың алдын алуға бағытталған шара. Бұл норма халықтың суды ұқыпты тұтынуын, сонымен қатар тұрғындар үшін қолжетімді әрі әділ төлем жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Жайық Белғожаев