Жол апаты: Олжас Бектенов жолаушылар тасымалын бақылау ісін сынға алды

15.09.2025 20:30

Елімізде жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол апатынан көз жұмып, тағы 20 мыңнан көбі жарақат алады

Елімізде жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол апатынан көз жұмып, тағы 20 мыңнан көбі жарақат алады. Бұл деректі Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің ереже бұзуынан туындайды. Вице-министр апаттарға сапасыз жолдардың да ықпал ететінін жасырмады. Қазір елдегі жолдардың тек 12 пайызы ғана қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.

 «Патрульдік полицияда кадр тапшылығы мен қызметтік көлік жетіспеушілігі бар. Соның салдарынан жолдарды толық қамтып, тәртіп бұзушыларды анықтау қиындайды. Мәселен, кеше ғана Жетісу облысында жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірім екі көлікті соғып, ірі жол апатын жасады. Он адам қаза тапты. Қазір өңірде патрульдік маршруттардың тек жартысы ғана қамтылып отыр. Бұл мәселені әкімдермен бірге шешу қолға алынды. Бірқатар облыстар қосымша штат санын көбейтуге дайын», – деді ҚР Ішкі Істер Министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Премьер-министр Олжас Бектенов қатаң заңнамалық шараларға қарамастан, жолдағы тәртіптің жақсармай отырғанын айтты. Сөзінше, жазатайым жағдайлардың басым бөлігі - алдын алуға болатын оқиғалар. Әсіресе жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі адам өліміне әкеліп жатқанын атап өтті. Бектенов  Астананың Үркер ауданында тротуар мен бағдаршамның жоқтығынан ата-аналар балаларын мектепке өздері апаруға мәжбүр екенін жеткізді. Үкімет басшысы осындай қауіпті аумақтарды жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы саласындағы бақылау жүйесінің де әлі толық жолға қойылмағанын сынға алды.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов жылыту маусымына дайын емес өңір әкімдеріне ескерту жасады