Референдумға дейін:
9
күн
6
сағат
28
минут

Әр минут қымбат: Алматыдағы балалар ауруханасында 20 реаниматолог жұмыс істейді

Almaty.tv
Almaty.tv

Аза Зейнетқызы – бүкіл ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына соңғы тәулікте 400-ден аса науқас келіп қаралған. Оның ішінде 90 жеткіншек стационарға жатқызылды. Ал 10-ға жуық балаға жедел ота жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аза Зейнетқызы – бүкіл ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер. Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасының табалдырығын аттағанына биыл 20 жыл. Операцияның сәтті өтуі реаниматолог мамандарға тікелей байланысты. Олар ота алдында әр пациенттің денсаулығына байланысты екпелердің мөлшерін есептейді. Дәрігердің айтуынша, зейіні балаларда болғандықтан, кейде таңның атысы мен кештің батысын да аңдамай қалады.

Бұл – реаниматолог дәрігердің ең маңызды функциялар атқаратын аймағы.  Операция кезінде науқастың жүрек соғысы, қан қысымы, оттегі деңгейі, тыныс алуы, осының барлығы реаниматологтың қатаң бақылауында болады. Егер ота барысында монитордағы бір сызық өзгерсе, дәрігер бірден іске кіріседі.¤

Реаниматологтың бар жұмысы компьютерге тесіліп отыру емес. Отадан шыққан науқас та – осы дәрігердің жауапкершілігінде. Күрделі операциядан соң бала өздігінен тыныс алуын, дене қызуын жіті бақылауда ұстайды.

«Қазір бір жастағы балаға жоспарлы ота жасалады, аппарат дайындап қойдық. Бала оянғаннан кейін баланы аппараттан аламыз, ол өздігінен дем алады. Науқасқа оттегі  береміз, сондай-ақ монитор арқылы қан қысымын, жүрек соғысын қадағалаймыз», – деді анестезиолог-реаниматолог Аза Зейнетқызы.

Емханаға тоқ соғып, күйік шалып, жол апатына түсіп, ес-түссіз келетін балақай көп.  Аза Зейнетқызы тәулік бойы ешқандай үзіліссіз ең ауыр науқастармен жұмыс істесе де мамандығын жақсы көретінін айтты.

«Реаниматологтың жұмысы өте ауыр. Бала өте ауыр жағдайда түседі. Бірақ ем алғаннан кейін, бала сөйлеп, күліп жүгенін көргенде, шаршағаныңды білмей қаласың», – деді анестезиолог-реаниматолог Аза Зейнетқызы.

  Ауруханаға мүшкіл жағдайдағы науқас келгенде «көк код» дабылы қағылады. Бұл – шұғыл түрде реаниматологтың көмегі қажет деген белгі. Реанимациялық бригада төтенше жағдайда 5 минут ішінде дереу жетуі тиіс.  

«Жедел-жәрдем шақырғанда, столды  алып жүгіреміз. Оның үстінде дефибриллятор, шұғыл көмек көрсететін препараттар бар», – деді анестезиолог-реаниматолог Аза Зейнетқызы.

  Мұнда Аза Зейнетқызынан бөлек 20 реаниматолог-анестезиолог балақайлардың денсаулығы үшін тер төгеді. Мамандардың айтуынша, адам өмірі бәрінен маңызды.

Айдана Шалқар, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы Алматыда қанша әйел бизнес бастады

Новости партнеров