Ислам ілімінде сауапты көбейтуден бөлек, оны сақтау ұғымы бар
Қасиетті Рамазан – сауап айы дедік. Құлшылық қылған адам намазын оқиды, оразасын ұстайды, садақа береді. Сырттай қарағанда сауап жинап жүр. Бірақ осы жинаған сауапты сақтамаса, жойылып кететінін білесіз бе?
Almaty.tv тілшісі жинаған сауапты қалай сақтауға болатынын талдап көрді.
Ислам ілімінде сауапты көбейтуден бөлек, оны сақтау ұғымы бар. Өйткені кей амалдар жиналған игілікті жойып жіберуі мүмкін. Соның ең қауіптісі – адамның ақысын жеу.
«Муфлис (банкрот) деген мынадай адам: қияметте амал дәптерінде өте көп намаз, ораза, зекет сауаптары болады. Бірақ кейбір адамдарға түрлі жолмен зияны тиген.
Оның сауабы ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітпей тұрып сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп, жәһәннамға тасталады», – деген Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.у.) Имам Мүслим жеткізген.
Көпшілік «ақы жеу» дегенде тек қаржылық қиянат жасау деп ойлайды.
Алайда исламда бұл ұғым әлдеқайда кең.
«Бір-біріңнің мал-мүлкін әділетсіз жолмен жемеңдер» – деп жазылған Бақара сүресі, 188-аят
Сауапты қалай көбейтуді жиі айтамыз. Ал оны қалай сақтаймыз?
Біреудің разылығын алмай тұрып, толық рухани тыныштыққа жету қиын. Себебі құлшылық – Алла мен құлдың арасындағы байланыс болса, ақы – адамдар арасындағы аманат. Ислам ғұламаларының айтуынша, Алла өзіне қатысты күнәларды кешіруі мүмкін. Бірақ адамға жасалған қиянат кешірімін сол адамның өзі бермейінше толық өтелмейді.
Рамазан тек ашығу емес екенін ескерсек, қасиетті айда түзелу мүмкіндігі бар
Бұл мүмкіндік күнәдан арылтып қана қоймай, сауапты қорғайды.
Іс-әрекетімізге мән беріп, амалымызды сақтап қалудың қамын ойлау – жауапкершілік.
Оқи отырыңыз: Рамазан: жолдағы кедергіні жою – иманның белгісі