Бараат – күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн
Ислам әлемінде ерекше мәнге ие түндердің бірі – Бараат түні. Ол һижри күнтізбе бойынша шәғбан айының 15-түніне сәйкес келеді. Яғни 2ақпаннан 3 ақпанға қараған түн, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дінтанушылардың айтуынша, Бараат түні Алланың мейірімі ерекше болып, пенделердің тілегі қабыл болады.
Қасиетті түнді қалай өткізген жөн:
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түні көктердің есіктері ашылады, періштелер мұсылмандарға сүйінші айтады, ғибадатқа шақырады. Бараат түнінде көп ғибадат жасаңдар! Әйтпесе, Қияметте өкінесіңдер», – делінген (Нәсаи). Ең алдымен біз парыз намаздарды оқу, сосын сүннет және мұстахаб ғибадаттарды орындау арқылы Құдайдың осы бұйрығына құлақ түргеніміз жөн.
«Бұл түні мұсылман туысымен байланысын үзгендер, өзін жоғары санағандар және ата-анасына қарсы шыққандар кешірілмейді», – деген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):(Бәйһақи).
Ана-ананы құрметтеу, туыстармен хабарласып, хал-жағдай сұрасу, аурулардың көңілін сұрау, бала-шағаға өнеге болу арқылы да күнәлар кешірілуі мүмкін. Сондай-ақ, біз кез-келген қастандықтан, арамдықтан, ашудан, мақтаншақтық пен өркөкіректіктен бас тартуымыз қажет. Әйтпесе, Алла Тағала бізді тазарудан алыстатады.
Бұл түні мұсылман адам жыл бойы істеген істерін, өз өмірін бір ойлап көру керек. Егер өзінің іс-әрекеттерінде бір кемшілік бар екенін байқаса, Құдайдан кешірім сұрап, оны тез түзетуге тырысуы керек. Егер біреуді ренжіткен немесе біреуден араз болса, бір-бірінен кешірім сұрап, бауырлар секілді достасу керек. Егер біреуден қарыз алып, себепсіз қайтармай жүрген болса, дереу қарызын қайтару жолдарын қарастыру керек. Қайтсе де, Жаратқан Иемізге тәубе етіп, тура жолға түсуіміз қажет.
Дұға – ғибадаттың мәйіегі. Алла Тағала пендесіне әрдайым дұға жасауды бұйырады. Осы түні дұғалардың қабыл болуы әбден мүмкін. Ендеше, әрбір мұсылман бұл түнді бағалай білуі керек. Бұл түні мүміннің жүрегінде өзге адамдарға деген ашу-ызасы болмауы қажет, өзгелерді кешіріп, оларға жақсылық тілеуі тиіс.
Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Таһажуд немесе басқа да нәпіл намаздарды оқу құпталады. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды, әркім өзі жеке оқиды. Ал Құран оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады.
«Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені Алла күн ұясына батқан шақта «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», – деген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).