Рамазанға 23 қалды: ұлттық код – рухани иммунитеттің негізгі тірегі

27.01.2026 21:56

Әр ұлт өзіне тән қасиеттерін сақтаған кезде ғана Алланың ұлы хикметі орындалады

Almaty.tv

Ислам мен қазақ – ежелден егіз ұғым  ба?

Аlmaty.tv тілшісі әлеуметтік желі заманында ұлттық кодты сақтау маңызын саралап көрді.

Қазақ халқы өзін мұсылман санайды. Десе де ислам дінін қазақтан бөліп көрсетуге тырысатын топтың барын жоққа шығармаймыз.

Ұлттық болмыс – тіл, дін, дәстүр және тарихи жадының сабақтастығы, қоғамның тұрақтылығы мен рухани иммунитетінің негізгі тірегі.

2021 жылғы ҚР Ұлттық санағы деректеріне көз жүгіртсек, тұрғындардың басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Олардың 69,3 пайызы ислам, 17,2 пайыз христиан,  0,1 пайыз буддизм мен иудаизм дінін ұстанады. Ал 2,3 пайыз діни нанымы жоқтар қатарында болса, 11 пайызы дінін көрсетуден бас тартқан.

Демек, қазақ қоғамында Ислам діні мен ұлттық дәстүр ғасырлар бойы қатар дамып келеді. Мұны тарихи зерттеулер де растайды. Ислам діні қазақ даласына VIII–X ғасырлардан бастап тараған, ал XIV–XV ғасырларда қоғамдық өмірдің маңызды институтына айналған. Мұндай сабақтастық рухани тәжірибені қалыптастырып, ұлттық бірегейліктің негізін қалады.

Ислам мұсылман қауымын бірлік, ынтымаққа шақырады. Әр ұлт өзіне тән қасиеттерін сақтаған кезде ғана Алланың ұлы хикметі орындалады.

Құрандағы «Хужурат» сүресі, 13‑аятында «Уа, адамдар! Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық... Бір‑біріңді таныу үшін ұлттар мен руларға бөлдік...» делінген.

Демек, ұлттар мен тілдің алуан түрлілігі – адамзат жаратылысының хикметі.

Ал  «Рум» сүресінің 22-аятында «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен реңдеріңнің әр алуан болғандығы да Оның ап-айқын дәлелдерінің - бірі» делінген.

Ұлттық код – бұл өткеннен мирас ретінде қалған құндылықтар ғана емес, қоғамның қазіргі тұрақтылығы мен болашақ қауіпсіздігінің маңызды өлшемі.

Тіл, дін және дәстүр сабақтастығы сақтау арқылы ұлттық бірегейлік нығайып, жаһандану жағдайында да қоғамдық тұтастықты сақтай аламыз.

Ұлттық кодты қорғау – мәдени міндет қана емес, стратегиялық маңызы бар әлеуметтік міндет.

Оқи отырыңыз: Рамазанға 24 күн қалды: сатылмайтын, қарызға берілмейтін аманатты білесіз бе