Туристік саладан мемлекет бюджетіне 630 миллиард теңгеден астам салық түсті
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризм саласын дамыту мәселелері қаралуда, — деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Туризм саласын дамыту мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте туризмнің инвестиция тартумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ол үшін, ең алдымен, адамдар тек жаз айларында ғана емес, жыл бойы демала алуы үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыста Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау және Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалуда.
Туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңге деңгейіне жетті. Бүгінгі таңда бұл салада 600 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Оның айтуынша, шетелдік туристердің республикадағы шығыны 2,9 млрд долларды құраған. Бұл ретте туризм саласына тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгені құрады.
«Саланы одан әрі дамыту мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз айында заңнамалық түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» механизмі енгізілуде. Бұл ұйымдасқан туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Визит-орталық ұғымы бекітіліп, оларды құру мен қызметіне қойылатын негізгі талаптар айқындалды. Туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітіледі», — деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
Жаңартылған заңнама аясында балалар мен экологиялық демалысқа ерекше назар аударылған. 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болды. Бұл шара ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, сондай-ақ демалыс кезеңінде өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.