Оларға арнап 59 мемлекетте референдум учаскесі жұмыс істеп тұр
Атом электр станцсасын салу мәселесі бойынша референдумға 177 шетелдік байқаушы шақыртылған. Олар саяси науқанның әділ әрі талапқа сай өтуін қадағалайтын болады. 30 елден келген жұмыс тобының қатарында халықаралық ұйым өкілдері де бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Еліміздегі барлық сайлау учаскесі референдум өткізуге тас түйін дайындалған. Сағат тілі 7:00-ді соққанда, республикадағы барлық дауыс беру орындарында әнұран шырқалып, дауыс беру ресми түрде басталды. Бүгін Қазақстанның әр азаматы өз таңдауын жасауына мүмкіндік бар. Ел аумағында 10 мың 327 учаске құрылған. Тізімдегі дауыс беруге құқылы тұрғындардың саны 12 миллионнан асады. Шекара асып, шетелге шығып кеткен отандастарымыз да тағы бір азаматтық борышын өтеуге мүмкіндік бар.
«Қазіргі уақытта шетелде ҚР азаматтарының дауыс беруі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар аяқталды. Дауыс беруге құқығы бар отандастарымыздың тізімі жасалды. Олардың жалпы саны – 12485 адам. Сайлау заңнамасына сәйкес Сыртқы істер министрлігіне 12600 дауыс беру парағы берілді», - деді ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова.
Ал сайлаушы өзінің қайда тіркелгенін білмеген жағдайда электронды сервистік қызмет көмегіне жүгіне алады. Ал денсаулық жағдайына байланысты үйден шыға алмайтын азаматтар учаскелік сайлау комиссиясы қызметкерлерін шақырту қарастырылған. Саяси науқанның әділ әрі талапқа сай өту барысын 177 шетелдік байқаушы бақылап отыр. Олардың қатарында Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан орталық сайлау комиссияларының төрағалары да бар.
«Ұйымдардан келіп, қатысушы болып отырмыз. Қоғамдық байқаушылардың жұмысы - референдумда дауыс берушілерді бақылау және қандай да бір заңбұзушылық болса, акт жасап, оны қажетті органдарға жеткізу», - деді «Дауыс» ҚБК елордалық штаб төрағасы Әлия Әубәкірова.
Айта кету керек, Таяу Шығыстағы үш елде дауыс беру учаскесі жұмыс істемейді. Аталған аймақтағы жағдайға байланысты Ливан, Иран, Израль елшіліктерінің жанындағы учаскелер жұмысын тоқтатқан. Жалпы, шетелдегі 12 мыңнан аса отандасымыз бүгін таңдау жасап, дауыс береді. Оларға арнап 59 мемлекетте референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Almaty TV арнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Республикалық референдумға дауыс беру шетелде басталды