Референдум: тұрғылықты тіркеуі жоқ қазақстандықтар қайда тіркеле алады

06.10.2024 07:09

Еліміз бойынша бүгін 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді

Республикалық референдумда тұрғылықты тіркеуі жоқ Қазақстан азаматтары сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша тіркеле алады. Аталған қызметті Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары көрсетеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Айта кетсек, еліміз бойынша бүгін 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 196 дауыс беру учаскесіне халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жұмылдырылды. Олар тіркеуі жоқ азаматтарды сайлау учаскесінің орналасқан жері бойынша уақытша тіркеуге тұрғызады. Мұндай шешім қазақстандықтардың өзінің дауыс беру құқығын пайдалана алуы үшін қабылданды.

«Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қала бойынша 5 учаскеде қызмет көрсетеді. Ол жердегі негізгі қызметі пропискіде, яғни тіркеуде жоқ азаматтарды сол учаскеде тіркеп, дауыс беруге мүмкіндік алады. Тіркелген азаматтар бір күнге ғана тіркеледі. 7 қазанда тіркелген азаматтар автоматты түрде тіркеуден босатылады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша филиал директорының орынбасары Айдос Серекеев.

Айта кету керек, бүгін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері сайлау учаскесінде таңертең сағат 7.00-ден бастап 20:00-ге дейін азаматтарды бір күнге мекенжай бойынша уақытша тіркейтін болады.

Ескеретін маңызды жайт, 7 қазанда азамат автоматты түрде тіркелген жерінен шығарылады.

Оқи отырыңыз: Республикалық референдумға дауыс беру шетелде басталды