Референдум басталғалы 6 миллион 400 мыңнан астам адам таңдауын жасаған. Яғни, дауыс берушілердің 50 пайыздан астамы бюллетень алған. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Конституцияға сәйкес, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысса, референдум өткізілді деп саналатынын жеткізді. Сол сағаттағы дерек бойынша азаматтардың 51,93 пайызы бюллетень алыпты. Ал дауыс берушілерге келетін болсам, бұған дейін Ақтөбе облысы көш басында болса, сағат екідегі ақпарат бойынша сыр өңірінің халқы алға шықты. Қызылорда облысының үлесі 64,63 пайыз. Ақтөбе облысы үштіктен түскен жоқ. Аймақ халының 61,37 проценті дауыс беріп үлгерген. Үшінші орында Ұлы Абай туған топырақ – Абай облысы тұр. Мұнда тұрғындардың 61,04 пайызы таңдауын жасаған. Одан кейінгі орындарға Ақмола, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстары жайғасқан. Жалпы ел бойынша 6 471 378 азамат бюллетень алған.
«Сағат 14.00-дегі жағдай бойынша республиканың 6 471 378 азаматы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілген азаматтардың 51,93 % құрады. «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 31-бабы 2 тармағына сәйкес егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады», – деді Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Қазақстандықтар тек елде емес, шетелде де таңдауын жасап жатыр.
Айта кетейік, халық бюллетеньде жазылған «2026 жылдың 12 ақпанында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сұраққа жауап береді.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда «Атазаң» атты сәби дүниеге келді