Референдум: Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабы дайындығын пысықтады

13.03.2026 19:30

Референдум күні Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ өзге де оннан астам өңірде тікелей қосылымдар ұйымдастыру жоспарланған.

Референдум қарсаңында Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабы дайындығын пысықтады. Бүгін орталық басшылығы мен бірнеше ұйым мүшелері БАҚ өкілдеріне брифинг ұйымдастырып, дауыс беру кезінде атқарылатын жұмыстар жайлы ақпарат берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Штаб 15 наурызда сағат 7:00-ден бастап сағат сайын тікелей эфирде ақпарат таратып отырады. Тәуелсіз бақылаушыларды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – дауыс беру қарқыны жайлы азаматтарға нақты мәліметті жедел әрі сапалы жеткізу. Бұдан бөлек, ақпараттың шынайылығын тексеруге және жалған мәліметтердің таралуына жол бермеуге ерекше назар аударылмақ. Ол үшін Алматыдағы 2 500-нан астам тәуелсіз бақылаушыны біріктірген 6 үкіметтік емес ұйым жұмылдырылған. Сонымен қатар коалиция өкілдері еліміздің басқа өңірлерінде де жұмыс жүргізеді. Референдум күні Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ өзге де оннан астам өңірде тікелей қосылымдар ұйымдастыру жоспарланған.

«Референдумға 1 күн қалды, сондықтан ақпараттық штаб жұмыс алгоритмдерін пысықтап, сақадай сай тұр. Бізде дайындық қарқынды. Басқа өңірлердің де тәуелсіз бақылаушылары бізге қосылып, жұмысқа атсалысса болады. Қазірдің өзінде айтарлықтай көп маман жиналды», – деді Тәуелсіз байқаушылар ақпараттық штабының басшысы Рафаэль Гасанов.

«Қоғамдық коммуникациялар орталығы 15-наурызда Independ.kz деп аталатын ақпараттық порталда аймақтардың басын біріктіретін тікелей эфирді ұйымдастырайық деп жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер Нұржан Мұхамеджанова.

Оқи отырыңыз: Бюллетеньдер сайлаушыларға алдын ала таратылып жатыр: Нұрлан Әбдіров ақпаратты жоққа шығарды