Тігін шеберханасы: Алматыда ерекше қажеттілігі бар азаматтар жаңа жоба бастамақ

13.03.2026 21:45

Шеберханаға бес тігін машинасы орнатылған

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеуге арналған тігін және тоқыма шеберханасы жұмыс істеп тұр. Мекемеде ерекше қажеттілігі бар азаматтар түрлі шеберлік сағатынан өтіп, практикалық және кәсіби дағдыларды дамытуға бейімделеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Инклюзивті орталықтың жаңа ғимараты ашылғалы қызмет көрсету аясы кеңейіп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды оңалту мен әлеуметтік бейімдеу жағдайын жақсартуға арналған мүмкіндік те арта түсті. Жаңа нысанда сазбалшықпен жұмыс істеу арқылы қолдың ұсақ моторикасын дамытуға септігін тигізетін қыш шеберханасы бар. Арт терапияға сай жасалған топырақ арнайы тапсырыспен алынады. Оған қоса, қызмет алушылардың компьютерлік сауаттылығын арттыруға арналған кабинет те қарастырылған. Мұнда балалар мәтін жазу мен цифрлы қосымшаларды қолдануға бейімделеді.

Шеберханаға бес тігін машинасы орнатылған. Бұдан басқа үтіктеу құрылғысы мен тоқу үстелі де бар. Мұнда балалар тігінмен айналысып қана қоймай, мата түрлерін ажыратып үйренеді.  

«Наурызда мейрамында киіз үй құрамыз. Балалар қазақы нақыштағы элементтерді қолдан жасап жатыр. Мына өрнектерді керегеге ілеміз. Келесі сабақта балалар кескен оюларды жіпке тізеді. Орталығымыз қаңтарда ашылды. Содан бері балалар өз бетінше тігін машиналарына отыруды, бұйымдарды бастан-аяқ тоқуды, қайшы, үтік секілді құралдармен жұмыс істеуді үйреніп шықты. Олардың еңбекке деген ынтасы жоғары. Күнде әртүрлі нәрсе жасауға талпынып тұрады», – деді Еңбек терапиясы жөніндегі инструктор Балдырған Зауырбекова.

Тігін шеберханасы практикалық және кәсіби дағдыларды дамытып, өзгелермен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Тірек қимыл аппаратында ақауы бар 40-қа жуық азамат күн сайын орталыққа келіп, 4 сағат бойы әртүрлі іспен шұғылданады. Мұнда балалардың қимыл-қозғалысын қалпына келтіру мақсатында виртуалды оңалту кабинеті ашылған. Келушілерге тұрмыстық қызмет көрсетіп, күтім жасайтын шаштараз да бар.

«Осы шеберхана ашылғалы балалардың еңбекке деген қызығушылығы артып жатыр. Қызмет алушы балалардың арасында Аружан деген қызымыз тігін өнерін шеберханада толығымен меңгеріп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты еңбек мобильді орталығы арқылы қайта даярлау курсын оқып, тігін шеберханаларында жұмыс істеуге жоба жасап жатыр. Болашақта іске асады», – деді «Парасат» әлеуметтік қызмет орталығының директоры Нұрғайым Дүйсенбаева.

«Парасат» әлеуметтік қызмет орталығы» психоневрологиялық аурулары бар балалар мен ересектерді қоса алғанда, 350 адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 200-ден көбі үйде, ал қалғаны мекемеде қызмет алады.

Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз:  Күйзелісті қалай жеңуге болады