Аудит барысында заңұзушылықтар анықталды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары отырыс барысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есептерін қарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста Комитет төрағасы ұсынылған материалдарға сәйкес, 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы әлеуметтік салаға бағытталған ауқымды шығыстармен және активтердің өсуімен сипатталатынын атап өтті. Алайда аудит барысында анықталған бұзушылықтар бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен қаржылық тәртіпті күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.
«2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы Үкіметтің денсаулық сақтау, білім беру сапасын арттыру, әлеуметтік осал топтарды қолдау және әлеуметтік саланы дамыту сияқты басым бағыттарға елеулі ресурстар бөлуді жалғастырып отырғанын көрсетеді. Сыртқы экономикалық тұрақсыздық пен инфляциялық қысым жағдайында бұл басымдықтар ұлттық даму жоспарларында көрсетілген мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына сай келеді. Алайда мемлекеттік аудит нәтижелері бюджет жоспарлау, мемлекеттік қаражатты басқару және оның мақсатты пайдаланылуын бақылау салаларында жүйелі проблемалар бар екенін көрсетті. Тиімсіз және мақсатсыз шығындардың елеулі көлемі, бухгалтерлік есептегі бұзушылықтар, сондай-ақ даму бағдарламаларын әлсіз іске асыру реформа жүргізу қажеттігін айғақтайды», — деді Нұртөре Жүсіп.
Шара барысында ұлттық экономика, қаржы министрліктері мен Жоғары аудиторлық палатаның өкілдері баяндама жасады. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігі елдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, Қаржы вице-министрі әлеуметтік салаға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты, ал Жоғары аудиторлық палата өкілі есепті кезеңдегі анықталған қаржылық бұзушылықтар туралы мәлімет берді.
Нұртөре Жүсіп талқылау барысында Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы қызметі қаржы қауіптерін анықтау мен бюджет орындалуының нақты жағдайын көрсету ісінде маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өтті. Тексеру нәтижелері тек есептерде тіркеліп қана қоймай, құқықтық және ұйымдастырушылық-қаржылық сипаттағы жүйелі шаралар қабылдауға негіз болуы тиіс. Сондықтан республикалық бюджеттің орындалу тиімділігін арттыру үшін институционалдық тәртіпті нығайту, мемлекеттік аудит пен басқару саласындағы кәсіби кадрларды дамыту сынды кешенді көзқарас қажет.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында алып жүк көлігі аударылып, тасжолды жауып қалған