Өрт сөндірушілер мен газ инспекциясының мамандары үйлерге барып, пештер мен мұржалардың жағдайын тексеруді қолға алды
Түркістан облысының Алғабас ауылында болған қайғылы оқиғадан кейін өңірде өрт қауіпсіздігіне қатысты жаппай тексеріс басталды. Төтенше жағдайлар басқармасы жүргізген рейд барысында тек Түркістан қаласының өзінде 2800-ге жуық абоненттің газ пайдалану ережелерін сақтамай отырғаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өрт сөндірушілер мен газ инспекциясының мамандары үйлерге барып, пештер мен мұржалардың жағдайын тексеруді қолға алды. Тұрғындар да кешегі қайғылы жағдайдан соң сақтық шараларына мән беріп, жылыту пештерін қадағалай бастапты.
«Кешегі жағдай баршамызға қорқыныш ұялатты. Біз газды сыртқа шығарғанбыз, өйткені үй ішіне қоюға қорықтық. Қанша дегенмен иіс шығуы мүмкін, негізі сыртқа қойған жақсы», – деді қала тұрғыны Нұргүл Сейсенбекова.
Жылу жүйесіне салғырт қарайтындар да жоқ емес. Рейд барысында газ қондырғыларын дұрыс орнатпаған, мұржалары бітеліп қалған үйлер де кездескен. Инспекция өкілдері ескерту жасап, талаптар сақталмаса, газ беруді тоқтатуға мәжбүр болатынын жеткізді.
«Көпшілігінде газасигнализаторды «шиқылдап кетеді» деп қоспайды. Одан кейін мұржаларды шіріген. Олардың барлығына ескерту айтылды. Кейбір азаматтар «ҚазақГаз» мекемесіне хат жазып, газдан ажыратқан жағдайлар да бар», – деді қалалық газ инспекциясының басшысы Әлмұханбет Айменов.
Ал құтқарушылар жыл сайын ескерту жасалғанымен, пеш және электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт жиі болатынын айтты. Сондықтан ескертуді елемейтіндер жазаға тартылады.
«Анықталған фактілер бойынша ескертпе қағаздары берілуде. Егер де сол ескертпе қағаздарға мән бермей немесе қайтадан сол фактілер қайталанса, жергілікті атқарушы орган, газ инспекциясымен бірге 306-бап бойынша айыппұл төлеуге міндеттеледі», – деді қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының орынбасары Нұрболат Кенжебаев.
Жалпы жылыту маусымы басталғалы елімізде 870 өрт болған. Сондықтан мамандар «қауіпсіздік ережелеріне мұқият болған жөн» дейді. Тілсіз жау ешкімді аямайды.
Оқи отырыңыз: Заңсыз микрокредит: Алматыда 6 компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалды