Рекордтық көрсеткіш: тараздық ұстаз 16 мың кітап оқыған

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ол айлығының 10 пайызын кітапқа жұмсайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бір адам өмірінде орта есеппен 15 мыңнан аса кітап оқуы мүмкін.Тараздық ұстаз Базарбай Дүйсенбаев үшін бұл — арман емес, өмірлік дағды. Ол осы уақытқа дейін 16 мың кітап оқыған. Әдебиетке бала кезінен құмар болған педагог шәкірттерін де кітап әлеміне жетелеп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Базарбай Дүйсенбаев алғашқы әдеби кітапты 6 жасында оқыпты. Содан бастап әдебиетке деген қызығушылығы арта бастаған. Мектеп бітіргеннен кейін аудандық кітапханадағы 10 мың кітапты тауысқан. Ал қазір оның оқыған кітабының саны 16 мыңға жеткен. Ол айлығының 10 пайызын кітапқа жұмсайды. 

"Әлемдегі ең кітап көп оқитын елдердің қатарында АҚШ тұр, олар жылына 17 кітап, Үндістан 16, Францияның 15 кітап оқиды. Мұны Сағат  Әшімбаевтың кітабында жазған. Балтық теңізінің бойындағы Литва, Эстония мемлекеттері жылына 12 кітап оқитындығы айтылған. Санның орнында талғам тұрса, сапаның орнында оқу мен ұғыну тұрса, халықтың деңгейі көтеріледі", - деді қала тұрғыны Базарбай Дүйсенбаев.

Кітапты көп оқумен қатар, оны терең түсініп, талғаммен таңдаудың маңызы зор. Базарбай Дүйсенбаев осы ұстанымды шәкірттеріне үйретіп жүр. Ол бүгінде «Дарын» лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Сондай-ақ 10-ға жуық әдістемелік оқу құралын жазған. Республикалық «Үздік педагог» байқауының 2012 жылғы жеңімпазы. Базарбай Дүйсенбаевпен пікірлесіп, әдебиет жайында ой бөлісуге келетіндердің арасында құқық қорғау саласының қызметкерлері де бар екен.

"Бос уақытымда кітап оқығанды жақсы көремін. Әр кітапты оқыған сайын жаңа сезім, ой түйемін. Мен үшін кітап оқу жан дүниеңмен сырласу. Әсіресе қыз балаларына психология ғой. Сол кітаптарды көбірек оқимын. Біздің құқық қорғау саласында кітап оқуға ешқандай кедергі келтірмейді. Кітап оқимын деген адамға уақыт әркез табылады", - деді Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының маманы Аяжан Тұрсын.

16 мың кітап — жай ғана сан емес, жылдар бойғы ізденіс пен үздіксіз еңбектің нәтижесі. Базарбай Дүйсенбаев мұнымен тоқтамайды. Оқыған шығармаларының санын 20 мыңға жеткізуді көздейді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай 
Оқи отырыңыз: Миллионер әже: Түркістан облысында еріктілер ескі үйдің шатырынан ақша тауып алды