Жаңарту бағдарламасы аясында барлық пәтерлер таза күйінде беріледі
Алматыда тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтырдың өзінде шаһарда 670 ескі баспананың иелері жаңа әрі жайлы пәтердің кілтін алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа пәтерге көшіп, қоныс тойын тойлағандардың бірі – Айнұр Мұхишева. Бұған дейін ол отбасымен Азовская көшесіндегі 21-үйде тұрған. Айтуынша, бұрынғы баспанасы жатақхананың аумағы небәрі 24 шаршы метрді құрайтын бір бөлмесі болған. 1958 жылы салынған ескі ғимаратта 50-ден астам отбасы тұрыпты. Ал қазір Айнұр Мұхишева Кемел ықшамауданына көшіп, жаңа тұрғын үй кешеніндегі 43 шаршы метрлік пәтердің иесі атанды.
«Өте жылы, барлық жағдайы бар, қуаныштымыз. Көршілердің бәрі риза, ризашылығын білдіріп жатыр. Көпбалалы аналар да қуанып жатыр. Бұрынғы үйде әжетхана, жуынатын бөлме ортақ болған. Ал қазір әркімдікі өз пәтерінде», – деді қала тұрғыны Айнұр Мұхишева
Алматылықтар «бөлме үшін бөлме» қағидаты бойынша жаңа тұрғын үй алады немесе оларға бұрынғы жылжымайтын мүліктерінің нарықтық құны бойынша ақшалай өтемақы беріледі. Сондай-ақ ескі үйдің орнына жаңасы салынатын болса, келісім бойынша соған қайта оралуға болады. Жаңарту бағдарламасы аясында барлық пәтерлер таза күйінде беріледі.
Айта кетейік, бағдарламаға сәйкес, тұрғындарды көшіру және үй-жайларды бұзу меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.
«Биылғы жоспарымыз 1165, қазіргі таңда теңгерімде 570 пәтер бар. Сол бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Оның сыртында қалалық бюджеттен қосымша тұрғын үйлерді көшіруге пәтер сатып алу мәселесі бойынша бюджеттік ұсыныс бердік. Реновация бағдарламасы бойынша, негізгі салмақ, тұрғын үйлердің құрылысы, тұрғын үй салу жеке кәсіпкерлердің, инвесторлардың міндеті болып табылады», – деді «Almaty renovation» ЖШС бас директоры Еркебұлан Османбаев.
Жауаптылардың мәліметінше, 2030 жылға дейін қаладағы тозығы жеткен үйлердің саны шамамен екі есеге қысқарады. 7,5 мыңға жуық меншік иесі қауіпсіз әрі заманауи тұрғын үйге көшеді.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: Іле ауданындағы білім ордасының жертөлесі суға толып қалды