Ресми дерек бойынша, аталған жұмыстарға бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген
Алматы облысында миллиардтан аса қаржы жұмсалып, жуырда ғана қолданысқа берілген білім ордасының жертөлесін су басты. Іле ауданындағы Мұхамеджан Түймебаев ауылында орналасқан №20 орта мектептің бүгінгі күйі ата-аналарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл қыркүйекте Мұхамеджан Түймебаев ауылындағы 900 балаға шақталған мектеп 1 жылдық жөндеуден соң оқушыларға есігін қайта ашқан. Балаларын оқу ордасына жіберген ата-аналар «бірнеше айдан соң қуанышымыз су сепкендей басылды» деп налып отыр. Олар түсірген бейнежазбалардан су жиналған жертөле, сыз тартқан қабырғалар, ашық жатқан электр сымдары, ылғал өткен дәліздер анық көрініп тұр.
«№20 мектепте екі ұлым оқиды. Бірінші қаражатты күтті. Одан кейін күз айынан бастап құрылыс басталды. Екі айдың ішінде бітірді, бірақ сапасы өте нашар. Жертөле суға толып қалды. Қабырғалар жарылып, ертең мектеп құлауы мүмкін», – деді ауыл тұрғыны Айдана Қожекеева.
«Шамдар, тоқ тұрған жерден, жертөледе су ағып жатыр. Видеобақылау, пожарная сигнализация, интернет, сосын қаңырауды қолмен соғамыз», – деді ауыл тұрғыны Индира Қабышева
Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар комиссия шақырып, мектепті толық аралап жүр.
«Су кәріз құбырнан ағып жатыр дейді, ол судың иісі болады. Мұнда отыра алмас едік. Су жердің астынан көтерілді», – деді мердігер компанияның бас инженері Айтуған Дүйсенов.
Белгілі болғандай, бұл нысандағы түйткілдер жылдар бойы қордаланып, шешімін таппай келген. Бұған дейін №20 мектеп ғимараты апатты деп танылып, аудан әкімдігінің теңгеріміне өткен. Кейін мердігер ұйым тағайындалып, «сейсмокүшейту және төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жасалды» делінген құжатта. Ресми дерек бойынша, аталған жұмыстарға бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
«Судың қай жақтан көтеріліп тұрғанының себебін анықтай алмай отырмыз. Егер байқасаңыздар айналада дренаждық, каналдық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол жұмыстар жалғасын табады», – деді Іле ауданы Білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева.
Білім бөлімінен судың неден шыққанын біле алмаған соң, Іле ауданының әкімдігіне жүгіндік. Атқамінерлер нысан әлі толық қабылданбағанын айтып, кемшіліктер үшін мердігерді сотқа бергенін айтты. Алайда миллиардтан аса қаржы игерілген жобада мұндай олқылықтың қалай шыққаны әзірге белгісіз болып тұр. Ол үшін мамандар қосымша тексеріс тағайындаймыз деп сендірді.
«Ғимаратты қалпына келтіріп, сыртқы фасадын жөнделді. бұл қалпына келтіру жұмыстары екенін түсіну керек», – деді Іле ауданы әкімі аппараты басшысының м.а. Жандос Исаев
Жалпы ауданда мектеп жетіспеушілігі барын әкімнің орынбасары да жасырмады. Сондай-ақ шендіден осыншама қаржының бір ғана қабаттың сейсмоқауіпсіздігіне жұмсалғаны жөнінде де сұрадық.
«Қазіргі таңда металдың бағасы қымбат, арматура, арнайы бетондар болады, Сондықтан қымбат. 300-400-600 орындық емес, 900 орындық мектеп қой», – деді Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Бүкенаев.
Он жыл бұрын ғана салынған 900 орындық мектептің апатты күйге түсіп, жөндеуден кейін де сапасының сын көтермей тұрғаны ата-аналарды алаңдатып отыр. Ал жауаптылар әзірге дренажды құрылғылар арқылы суды сорып, олқылықтың орнын толтыру үшін тек уақытша шаралар қабылдап отыр.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек