Қазіргі уақытта қылмыскер ұсталып, одан әрі тергеу шаралары жүргізілуде
Ресей аумағында 9 қылмыс жасаған алаяқ 10 жылдан кейін барып Ақмола облысында ұсталды. Ол 2015 жылдан бері мемлекетаралық іздеуде болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық істің фигуранты Ресей Федерациясының азаматы, бірақ ол Қазақстанда туып-өскен. 56 жастағы ер адам 9 қылмыс жасаған, оның ішінде 8 алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде ысырап ету ісі бойынша айыпталуда.
2015 жылдың тамызында ол Красноярск қаласының Кеңес аудандық сотының отырысына қатыспаған, сол уақыттан бері сот төрелігінен жасырынып жүрді.
Қылмыстық іс материалдарынан оның сотқа келмегенін емделіп жатқандығымен түсіндіргені белгілі болды.
2018 жылы ол шекарадан заңсыз өтіп, Қазақстан Республикасына келген. Осы жылдар ішінде іздеуде болған қылмыскер туыстарының үйінде жасырынған, көшеге шықпай, тұрақты жұмыссыз өмір сүрген. Өзінің құжаттарын жоғалтып алғанын айтып, полициядан құтылуға тырысқан.
Қазіргі уақытта қылмыскер ұсталып, одан әрі тергеу шаралары жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Алматы қорығында сілеусіннің күшігі фототұзаққа түсіп қалды