Ресми бөлімнен кейін мереке ұлттық рухты асқақтатқан әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты
Алматының Наурызбай ауданында Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында ұйымдастырылған мерекелік іс-шара Әнұран шырқау рәсімімен басталды. Аудан әкімі Назира Тоғызбаева қатысушыларды құттықтап, ел дамуына үлес қосып жүрген бір топ белсенді азаматты марапаттады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Наурызбай ауданында Республика күніне орай ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Іс-шараға жалпы 450-ге жуық көрермен келіп, «Отырар сазы» ансамблінің, эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, еліміздің бірлігін дәріптейтін ұлттық мерекемізге, керемет кешке куә болды», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты Мәдениет және өнер бөлімінің бас маманы Шахкәрім Алтынбек.
Ресми бөлімнен кейін мереке ұлттық рухты асқақтатқан әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен елімізге танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Рухани кеште қазақтың классикалық әндері мен күмбірлеген күйлері орындалып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Көңіл-күйіміз көтеріңкі, Республика күніне орай концертті тамашалап жатырмыз. Аспанымыз әрқашан ашық болсын, қазақ елі берекелі, мерекелі болсын, ынтымақты, бірлікті болсын!» – деді Наурызбай ауданы ардагерлер ұйымының мүшесі Гүлназира Шорабекова.
Оқи отырыңыз: Республика күні: Алматыда жастар арасындағы кітап оқу чемпионатының жеңімпаздары марапатталды