Салтанатты жиында 50-ге жуық азамат мемлекеттік марапаттың иесі болды
Сыр өңірінде де Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Айтулы іс-шарада аймақтың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еңбегі еленгендерді арнайы құттықтаған облыс әкімі: «осы жылдар ішінде қол жеткізген әрбір табыс өңір тұрғындарының қажырлы еңбегі мен ауызбіршілігінің нәтижесі» деп атап өтті.
"Республика күні – мемлекеттігіміздің тарихи белесі, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды мереке. Құндылықтары жиі өзгеріп жататын алмағайып кезеңде қазақстандық әрбір отбасының тұрмыс жағдайы бейбіт өмір сүруге деген ұмтылыстың, бірлігіміздің арқасында күн санап жақсарып жатыр. Біз жаңа заман тудырған түрлі сын-қатерлерді ұлттық-мәдени, әкімшілік-аумақтық дамудың жаңа дербес құрылымын қалыптастыру арқылы еңсере алдық", – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Өңірде аға буынның сан жылдар бойы атқарған адал қызметі мен қоғам дамуына бағытталған қайраткерлік қабілеті айрықша аталып өтті. Құрмет төрінен көрінгендер қатарында түрлі саланың өкілдері, сондай-ақ Сыр елінің өнері мен руханиятына еңбек сіңірген қадірлі қаламгерлер де бар.
Айта кетейік, салтанатты жиында 50-ге жуық Сыр бойының азаматы мемлекеттік марапаттың иесі болды. Мерекелік іс-шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласқан.
"Республика күні – еліміз мемлекет болған, қазақтың атын ұлықтап, туын көтеріп, байрағын желбіреткен күн. Мемлекеттің ұланы болғаннан кейін, елімізді, жерімізді, Отанымызды сүйгендіктен, ұлттық мерекені айрықша ардақ тұтамыз. Адамның берген атағымен, құдайдың берген абыройының ортасында өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Сондықтан атақ та, абырой да бола жатар, ел еңсеңді көтеріп, мәртебемді арттырып жатса, қуаныштымын. Әлім келгенше қазақ, Сыр өнеріне қызмет ете берем", – деді ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Оңталап Нұмаханов.
–Еліміздің ұлық мерекесі – Республика күнімен бүкіл сыр елі халқын құттықтаймын. Осы бір мерейлі күні мемлекеттік наградаға ие болып жатырмыз. Теңізге тамған тамшыдай, еңбегімді бағаланғанына қуаныштымын. Сыр елінің дамуына куә болып жүргеніме бақыттымын. Сыр елінің алға озғанын көру – бақыт. Сондықтан мерейлі мереке күні баршаңызды құттықтай отырып. Сыр елінің үлкен мегаполиске айналарына сенемін! – деді журналист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айткүл Шалғынбаева.
Оқи отырыңыз: Республика күні: Түркістан облысында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді