Республикалық жол – қоқыс төгетін орын емес: мамандар тұрғындарды экологиялық мәдениетті сақтауға шақырады

ҚазАвтоЖол
ҚазАвтоЖол

Жол бойындағы тазалық әлеуметтік желідегі шағымнан емес, әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тазалық жолшының ғана емес, қоғамның да жауапкершілігі. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол пайдаланушыларды қарапайым экологиялық мәдениетті сақтауға шақырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – елдімекендерді жалғайтын күретамыр ғана емес, күн сайын мыңдаған азамат пайдаланатын ортақ қоғамдық кеңістік. Сондықтан жол бойының тазалығы мен тәртібі тек жол қызметкерлерінің міндеті емес, әрбір жол пайдаланушының мәдениеті мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Жолшылар күн сайын республикалық трассалар бойындағы қоқысты жинап, санитарлық аймақтарды тазалап, дәретханалар мен жол бойы инфрақұрылымын күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізеді.

Бұл жұмыс жылдың төрт мезгілінде, аптап ыстықта да, қақаған аязда да, жел мен жаңбырда да тоқтамайды. Алайда кейбір азаматтардың жауапсыз әрекеті бұл еңбектің қадірін түсіріп отыр. Жол бойына қоқыс тастау, белгіленбеген жерде темекі шегу, дәретханаларды мақсатсыз пайдалану, жол жиегі мен демалыс аймақтарын ластау – өкінішке қарай, әлі де кездесетін келеңсіз көріністер. Тіпті кейбір тұрғындардың жол бойындағы қоқыс жәшіктеріне тұрмыстық қалдық, құрылыс қоқысы, өлген малдың өлексесін тастайтын жағдайлары да тіркелуде. Мұның барлығы тек тазалық мәселесі емес. Бұл – экологиялық мәдениет, қоғамдық тәртіп және ортақ мүлікке деген көзқарас мәселесі. Біреудің жауапсыздығынан жол бойындағы санитарлық жағдай нашарлап, кейін сол жағдайға қайтадан қоғамның өзі шағым айтады.

Айта кету керек, жол бойындағы тазалық пен санитарлық нысандарды күтіп-ұстауға бюджеттен жыл сайын млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Бұл қаржы жол қауіпсіздігін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және сервисті жақсартуға бағытталуы мүмкін еді. Алайда оның едәуір бөлігі жауапсыз адамдар қалдырған қоқысты жинауға кетіп отыр. 
Республикалық жол – қоқыс төгетін орын емес. Бұл – барша азаматқа ортақ мемлекеттік инфрақұрылым. Оны таза ұстау – жолшының ғана емес, жүргізушінің де, жолаушының да, жергілікті тұрғынның да ортақ міндеті.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол пайдаланушыларды қарапайым экологиялық мәдениетті сақтауға шақырады. Олар тұрғындарға: қоқыс тастамауға, санитарлық нысандарды ұқыпты пайдалануға, табиғатқа жанашыр болып, жолшылардың еңбегін және мемлекеттік мүлікті құрметтеуді ұсынды.

Жол бойындағы тазалық әлеуметтік желідегі шағымнан емес, әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.

Оқи отырыңыз: Жыл бойы бірде-бір ереже бұзбаған: Алматыда үлгілі жүргізушілерге ерекше марапат табысталды