Көрме қала тұрғындары мен қонақтары үшін ақпан айына дейін жұмыс істейді
Мереке қарсаңында Петропавлда ерекше көрме ашылды. Қаланың бірнеше тұрғыны жаңа жылдық шыршаның ретро кейіпкерлеріне қайтадан жан бітірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Анна Лященконың қоржынында ойыншықтың түрі көп. Аяз атаның сонау 1950 жылдары шыққан топтамасынан бастап 2000 жылдардағы түріне дейін жинақталған. Сирек кездесетіндерінің бірі Белорусиядан жеткен. Екі беті мен мұрны қызарған кейіпкерден өткен ғасырдың лебі еседі.
Кей адамдарға бұл жәй ескі ойыншықтар болуы мүмкін. Алайда Анна үшін әр экспонаттың орны бөлек. Бірнеше жылда ол көне 134 аяз ата мен көптеген шырша бұйымдарын жөндеп қалыпқа келтірген.
«Мен ойыншықтарымды сатпаймын. Олардың қатарын әлі де көбейтсем деймін. Болашақта бәрі жеке мұражайыма қойылады. Ескі ойыншықтарға қызығушылығым ұлым дүниеге келгенде басталды. Оған қытайдың сапасыз ойыншығын сыйлағым келмеді. Бұрынғы аяз аталар жаңа жылдық көңіл күйді жақсы береді», – деді ұйымдастырушы Анна Ляшенко.
Көрмеден аяз атадан бөлек шыршаны безендіруге арналған түрлі әшекейді кездестіруге болады. Шыны шар, алтын балық, қуыршақтар мен жұлдызшалар. Әр заттың тарихы мен қызықты оқиғасы бар.
«Жаңа жылда түрлі фильм көріп, ертегілер тыңдайтын едік. Балалар сол қиял-ғажайыпқа толы оқиғаларға сенетін және жаңа жылдан көп жақсылық күтетін. Кезінде өте үлкен болып көрінген ойыншықтарымыз міне бір алақанға сыйып тұр», – деді ұйымдастырушы Артур Рязапов.
«Бұл ойыншықтар сондай әсерлі. Шынайы. Қазіргі ойыншықтарға қарасаң жылтырап тұрғанымен көп қуаныш сыйлай алмайды. Мен әлі күнге ескі кинолар мен мультфильмдарды көремін», – деді қала тұрғыны Тагир Иксанов
Көрме қала тұрғындары мен қонақтары үшін ақпан айына дейін жұмыс істейді.
Асыл Махметов , Пётр Акутионов
Оқи отырыңыз: Жаңа жылда мерекелік дастарханға қанша ақша жұмысалады