Сиыр етінің бағасы: министрлік күн сайын мониторинг жүргізіп отыр
Алғашқы 8 айда өндіріс көлемі өскен
Қазақстанда сиыр етінің бағасы күрт өседі деп болжауға негіз жоқ. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, ведомство ет бағасына күн сайын мониторинг жүргізеді. Қазір республика бойынша сиыр етінің орташа бағасы келісіне шамамен 3 800 теңгені құрайды.
Алайда Астанадағы сауда орындарында баға әртүрлі. Мәселен, базарлардың бірінде ірі қара еті келісіне 3 500 теңгеден сатылса, енді бірінде оның құны 4 500 теңге шамасында.
Вице-министр ішкі нарықтың сиыр етіне деген сұранысы толық қамтамасыз етіліп отырғанын да атап өтті.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша 434 мың тонна сиыр еті өндірілді. Биыл да алғашқы 8 айда өндіріс көлемінің өскенін көріп отырмыз. Мал басы да артып келеді. Сондықтан сиыр етінің құны күрт өседі деп болжауға еш негіз жоқ, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова.