Ең алдымен, жиі істен шыққан 12 учаске жөнделіп жатыр
Риддер қытымыр қыс сынағына дайындалып жатыр. Бірнеше жыл бұрын коммуналдық дағдарысты бастан кешірген қаланың алдағы жылыту маусымына дайындығына ерекше көңіл бөлінуде. Жүйелі жаңғыртуға көшуді көздеген шаһарда жылу электр орталығын жаңартуға Үкімет резервінен 2 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бірнеше қыс қатарынан коммуналдық апаттарды бастан өткерген Риддер тұрғындары үшін бұл мәселе күн тәртібіндегі ең маңызды тақырыптардың бірі. Қазірдің өзінде жылу электр орталығындағы әрбір қондырғы мұқият тексеріліп, желілердің сенімділігіне баса мән беріліп жатыр. Ең алдымен, жиі істен шыққан 12 учаске жөнделуде. Қазір олардың тоғызы жаңартылып жатыр.
«Өткен жылыту маусымында осы учаскелерде 33 рет құбыр жарылды. Сондықтан оларды күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды. Қазір тоғыз учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Қалған үш учаскені жөндеуге дайындық жалғасуда», – деді станса инженері Александр Беляков.
Риддерде жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазір негізгі күш бесінші және алтыншы қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуге жұмылдырылған. Кәсіпорын басшылығы бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін жоспарлы жөндеу жүйесіне толық көшіп, Үкімет резервінен жыл сайын қаржы сұрауды тоқтатуды көздеп отыр.
«Соңғы төрт жылда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазандықтардың барлық қыздыру беттері ауыстырылды. Биыл Үкімет резервінен қаржы бөлінетін соңғы жыл деп жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстары тарифтік және инвестициялық бағдарламалар аясында қаржыландырылатын болады», – деді Риддер жылу электр орталығының директоры Кирилл Голота.
Қысқа дайындық тек Риддерде ғана емес, Шығыс Қазақстан облысындағы барлық жылу көздерінде жүріп жатыр. Дегенмен ауқымды жұмыстардың бірі дәл осы қалада қолға алынған. Жалпы жобаға 2,5 миллиард теңге бөлінсе, оның жартысынан көбі Үкімет резервінен қарастырылған.
«Биыл Риддер жылу электр орталығында бесінші және алтыншы қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі дайындық деңгейі – 20 пайыз. Сонымен қатар ұзындығы 3,3 шақырым болатын жылу желілері қайта жаңғыртылады. Бұл желілер мен станса жабдықтарының тозу деңгейін 2–3 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Самат Дайыров.
Қала басшылығының айтуынша, жыл сайын қайталанатын коммуналдық қиындықтарды артқа тастап, тұрғындарды тұрақты әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ететін сенімді жүйе қалыптастыру басты мақсат болып отыр.
Әйкерім Пернебек, Руслан Мұхамедияров, «Алматы» телеарнасы, Шығыс Қазақстан облысы
Оқи отырыңыз: Тұтынушы құқығын қорғау күшейді: қауіпті өнімдер саудадан алынып жатыр