Тәртіп сақшысы жедел түрде қажетті шараларды ұйымдастырған
Риддерде полиция қызметкері тоғыз адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментіне Павлодар қаласының 68 жастағы тұрғыны Зоя Калиевадан алғыс хат келіп түсті. Өз хатында ол Риддер қаласы полиция бөлімінің қызметкеріне көрсеткен қырағылығы мен жоғары кәсібилігі үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Оның айтуынша, полицейдің осы қасиеттері тоғыз адамның өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарды. Хатта 11 желтоқсанда Риддер қаласының маңында болған оқиғаны жазған. Тоғыз туристен құралған топ таулы аймаққа қарда жүретін техникалармен сапарға шыққан. Сол топтың ішінде Зоя Калиеваның ұлы да болған.
Әдетте олар кешкі уақытқа қарай хабарласатын, алайда бұл жолы күткен қоңырау түспей, белгіленген уақытта топ та қайтып оралмаған. Жанына тыныштық таппаған ана жедел түрде полицияға хабар берген. Қоңырауды Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі Мейрам Азтаев қабылдады. Әңгімелесудің алғашқы минуттарынан-ақ мән-жайды мұқият тыңдап, нақтылап алған соң дереу әрекетке көшкен.
Тәртіп сақшысы жедел түрде қажетті шараларды ұйымдастырған. Туристердің тұрғылықты мекенжайын анықтау үшін учаскелік инспекторды жіберіп, төтенше жағдайлар қызметімен байланыс орнатқан. Барлығын мұқият қадағалап, назардан тыс қалдырмаған.
Түні бойы Зоя Калиевамен байланыста болып, іздестіру жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп, ең қиын сәттерде моральді қолдау көрсетті. Полиция мен құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде спутниктік байланыс арқылы туристердің нақты орналасқан жері анықталған. Тоғыз адамның барлығы аман-есен табылып, үсік шалу белгілері анықталған жоқ.
Оқиға орнына қажетті құрал-жабдықтармен бірнеше техника бірлігі жұмылдырылып, құтқарушылар шұғыл түрде аттанды. Түнгі сағат 01:00 шамасында Зоя Калиеваның ұлы анасымен байланысқа шығып, оларға көмек келе жатқанын хабарлаған. Ал таңертең тәртіп сақшысы қайта қоңырау шалып, туристік топтың барлық мүшесі қауіпсіз жерде екенін растаған.
— Сол түні мен өмірімдегі ең ауыр күйзелісті бастан өткердім. Алайда полиция қызметкері Мейрам Азтаевтың сенімділігі мен адамгершілік қолдауы маған үміт сыйлады. Ол тек қызметтік міндетін атқарумен шектелмей, шынайы жанашырлық танытты. Қазір менің он немерем бар, енді мен оларға полиция қызметкерлері мен олардың күнделікті ерліктері туралы айтып отыратын боламын, — деп бөлісті Зоя Калиева.
Бұл оқиға тағы бір мәрте форма мен погонның артында жүрегі кең, адам тағдырына бейжай қарамайтын жандар тұрғанын дәлелдеді. Олар ең қараңғы түннің өзінде үміт сыйлап, ең қымбат құндылықты — жақындарының амандығына деген сенімді қайтара алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан су тапшылығын еңсеруде Жапониямен ынтымақтастықты күшейтпек