Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған
Рудный қаласында ер адам өгей қызына екі жыл бойы жүйелі түрде жыныстық зорлық көрсетіп келген деген күдікке ілінді. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Тобол Info-ға сілтеме жасап.
Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қазіргі уақытта жәбірленушіге мектеп психологы тарапынан қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Тергеу құпиялығына байланысты өзге мәліметтер жарияланған жоқ.
Көршілерінің айтуынша, отбасы көпбалалы болған әрі үлгілі жанұя болып көрінген. Үйде жеті адам бірге тұрған.
– Біз көрші тұрамыз. Әлгі ер адам ешкіммен қақ-соғы жоқ, үнемі жайдары, сәлемдесіп жүретін. Үйден ешқашан айқай немесе ұрыс естілген емес. Ішімдік ішкенін де байқамаппыз. Қыз бала да ашық, көпшіл болатын, – дейді көршілердің бірі.
Көршілері қылмыс екі жылдай жалғасқан деп отыр. Оқиға қыз бала ауруханаға барғаннан кейін белгілі болған, дәрігерлер зорлық-зомбылық белгілері бар деп күдіктеніп, құқық қорғау органдарына хабарлаған.
Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: ШҚО-да жасөспірім бала Ертіс өзеніне батып кетті