Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды
Рудный қалалық сотында алаяқтық, сондай-ақ сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалалық білім бөлімінің балаларды тәрбиелеу-сауықтыру кешені басшысының хатшысы қызмет бабын пайдаланып, әдейі 2022-2023 жылдары әлеуетті клиенттерге WhatsApp мессенджерінде жалғасып жатқан акциялар туралы хабарламалар жіберіп, олар арқылы балалар лагерлеріне 50% жеңілдікпен жолдаманы брондауға болатыны туралы айтқан.
Бұл ретте ол өзінің жеке банк шоттарына жолдама үшін ақы төлеу қажеттігін ескерткен.
"Осылайша, ол бұрын жолдама сатып алған адамдарға жалғасып жатқан акциялар туралы хабарламалар жіберген, соған сәйкес 2023 жылдың жазғы маусымына лагерьлерге жолдамаларды 2022 жылға арналған жолдама құнымен және 50% жеңілдікпен ерте брондау мүмкін екенін, болашақта бос орындардың болмай қалатынын және жолдама құны өсіп кететінін атап көрсеткен", - делінген сот хабарламасында.
Одан әрі, осы лагерьлерге жолдамаларға қол жеткізіп, олардың көшірмелерін жасап, өзі арқылы сатылған жолдамалардың саны туралы басшылығын жаңылыстыру арқылы ол алған ақшасына оларды сатып алушыларға аударған.
Сонымен бірге, ол лагерьлердің шектен тыс балаларды қабылдауға мүмкіндігі жоқ екенін анық білген және жоғарыда көрсетілген тәртіппен барлығына жолдама сатуды жалғастырып, төлемді өз есепшотына алып отырған.
"Кешен хатшысының қылмыстық әрекеті нәтижесінде мемлекетке 18,4 миллион теңге (аса ірі көлемде) залал келтірілген", - делінген хабарламада.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жасаған ісіне шын жүректен өкіну, жас баласының болуы және келтірілген зиянды жартылай өтеу жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп танылды.
Ауырлататын факторлар анықталмаған.
"Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды және жас баласының болуына байланысты оған 5 жылға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды. Мекеменің азаматтық талап қоюы қанағаттандырылды: материалдық шығынды өтеу үшін сотталғаннан 16 млн теңге өндірілді", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.