Құлдықта адам ұстады: СҚО-дағы танымал спортшының отбасы күдікке ілінді

06.11.2024 20:23

Жазда болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс бірнеше айдан соң қозғалған

СҚО-дағы танымал спортшының отбасы құлдықта адам ұстады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін Алматы облысының 23 жастағы тұрғыны Мұқан Неғматов өзінің Уәлиханов ауданындағы Жасқайрат ауылына алдап апарғанын, жеке тұрғын үйдің аумағында күштеп ұстағанын айтқан. Ал зардап шеккен азаматтың адвокаты бастапқыда екі тарап 500-600 мың теңге аралығында жалақы берілетіні туралы келісім жасасқанын жеткізді. Дегенмен уәде етілген қаражат төленбеген. Тіпті Мұқан Неғматов 10 ай бойы тегін жұмыс істеп, моншада тұрып келген. Жәбірленушінің сөзінше, ол қашып кетуге тырысқан, бірақ ойлағаны жүзеге аспағандықтан соққыға жығылған. Салдарынан құлағы жарақаттанып, ұялы телефонынан да айырылған. Адвокаттың сөзінше, күмән тудырмас үшін Мұқанды туыстарымен күштеп сөйлестірген. Оның айтуынша, ыңғайын тауып көршісінің телефонымен ағасына хабарласып, ақша жіберуін сұрап үлгерген. Жәбірленуші оңтайлы сәтті пайдаланып, сытылып шыққан. Жазда болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс бірнеше айдан соң қозғалған.

"Істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу мұқият жүргізіліп жатыр. СҚО Полиция департаменті адамдарды қанаудың кез келген түріне және олардың құқығының бұзылуына жол бермейді. Барлық дәлелдермен пікірлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұқият тексеріледі. Сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 201-бабының тәртібі негізінде жарияланбайды", – деді Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азат Құсайынов.

Оқи отырыңыз: Хасан Қасымбаевқа қатысты істе жәбірленуші қорғауға алынды